Полицейдің арқасында аман қалды

Қарағанды полицейлерінің жеделдігі Екатеринбург тұрғынының өмірін сақтап қалды. Ағайындылар Константин мен Андрей Усачевтер Екатеринбургтен Бішкекке туыстарына бару үшін автокөлікпен жолға шыққан. Көлік тізгінінде үлкені Константин болған. Ол осы сапарда өзінің 64 жасқа толған туған күнін тойлағанын айтады. Ағайынды екеу Қарағандыға аялдап, қонақүйде демалып, ертесіне Балқашқа қарай жолға шыққан.

– Біз шамамен қаладан 80 шақырым өткенде, ағам жол жиегіне тоқтап, өзін нашар сезініп тұрғанын айтты. Мен Константиннің маңдайына дымқыл шүберек қойдым. Ал оның жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай түсті. Не істерімді білмедім. Біз жазық далада болдық. Ұялы байланыс жоқ, сондықтан ешкімге хабарласып көмек сұрай алмадым. Бір уақытта біздің көлігіміз тұрған жерге полиция қызметкерлерінің көлігі тоқтап, ізінше «не болды?» деген дауыс естілді. Содан кейін мен олардың Қарағанды облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ерназар Бенашев пен Мақсат Дүйсенбай екенін білдім. Олар мен ағама көмек көрсетіп жатқанда өздерінің қарсы бағытқа жүріп өткенін айтты. Кейін біздің ұзақ тұрғанымызды байқаған полицейлер қайтар жолда не болғанын сұрау үшін әдейі келген екен, – дейді Андрей Усачев.

Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын білгеннен кейін бірден шала есті жатқан Константин Усачевті өздерінің автокөлігіне мінгізген. Андрей Усачев көлік жүргізу білмегендіктен, екіншісі олардың автокөлігін басқаруға отырған. Қарағандыға келер жолда полиция қызметкерлері жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалған. Қалаға кіреберістегі жанар-жағармай бекетінде ауыр халдегі азаматты дәрігерлер күтіп алған. Азаматқа дәрігерлер укол салып, кардиограмма жасап, оған «инфаркт миокарда» диагнозын қойған. Ауыр халде болған Константин Усачевті дәрігерлер жедел арада ауруханаға жатқызу керегін айтқан. Сондықтан полиция қызметкерлері жедел жәрдем көлігінің алдына түсіп, бірден ауруханаға дейін жол бастап келген. Ал дәрігерлер ресейлік азаматты жансақтау бөліміне жатқызған.

– Маған дәрігерлер 20-30 минут кешіккен жағдайда ағамды аман алып қалу-қалмау қаупі болғанын айтты. Қазір оның жағдайы, жүрек қағысы қалпына келді. Келесі күні оны жалпы палатаға шығарды. Адам өміріне араша түсіп, бізге дер кезінде көмектескен полиция қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Олардың жұмысына тек жақсылық тілеймін, – деді Андрей Усачев.