PISA: Білім беру жүйесіне сыртқы көзқарас немесе Қазақстан нені үйрене алады?

Бүгінде білім беру жүйесінің сапасын тек ішкі көрсеткіштермен ғана бағалау жеткіліксіз. Әлем елдерімен тең дәрежеде даму үшін халықаралық стандарттарға сай келу қажет. Сол себепті PISA (Programme for International Student Assessment – Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бағдарламасы) зерттеуі ерекше маңызға ие.

PISA – бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ұйымдастыратын халықаралық зерттеу. Ол 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстану бағытындағы функционалдық сауаттылық деңгейін анықтайды. Бұл – білімнің тек теориялық жағын емес, оны өмірде қалай қолдана алатынын көрсететін бірегей құрал.

Зерттеудің басты ерекшелігі – дәстүрлі білім тексеру жүйесінен өзгеше болуы. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қосымша білім беру факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы Сәулеш Мұқанова бұл туралы былай дейді:

«Барлық PISA зерттеуі сұрақтары білім компоненттеріне немесе, мысалы, жалпы энциклопедиялардан алынған мәліметтерге бағытталмаған. Олар балалардың сыни ойлау қабілетін анықтауға бағытталған. Сонымен қатар, себеп-салдарды анықтауға арналған.»

PISA оқушының қаншалықты тез оқитынын емес, мәтіннің мағынасын терең түсіне алуын, формулаларды жаттап алуын емес, математикалық ұғымдарды өмірде қолдана білуін бағалайды. Бұл – қазіргі заман адамына қажетті дағды.

Қазақстан PISA зерттеуіне 2009 жылдан бері қатысып келеді. Алғашқы жылдары нәтиже жаман болмағанымен, кейінгі зерттеулерде көрсеткіштер төмендеді. Алайда бұл сәтсіздік емес, даму үшін берілген мүмкіндік.

AlmaU университетінің проректоры, білім сарапшысы Дидар Марданов бұл жөнінде былай дейді:

«Қазақстанға бұл PISA зерттеуін объективті түрде өту өте маңызды. Арнайы дайындалмай, жасанды түрде дайындықсыз өту керек. Ал ең бастысы – нашар нәтижелерді көргенде, ешкімді жазаламай, бұл жағдайға сабырмен қарап, мәселенің неде екенін және оны қалай жақсартуға болатынын ойлау керек.»

Шын мәнінде, халықаралық зерттеулер – елдің білім беру жүйесіндегі нақты ахуалды көріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін құрал. Оларды тексеру, сынау емес, дамыту үшін қолдану керек.

Алайда, кез келген халықаралық бағалаудың жағымды тұстарымен қатар, сын-пікірлері де бар. Қоғам белсендісі Сергей Главацкий бұл тестілеудің балаларға қосымша стресс тудыруы мүмкін екенін айтады:

«Олар тестке кім қалай жауап бергенін стендтерге жариялап қойған. Менің ойымша, білім деңгейі туралы сұраулар өткізілгенде, олар жасырын түрде жүргізілуі тиіс.»

Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова халықаралық зерттеулердің маңызын ерекше атап өтті.

– Бізде халықаралық зерттеулердің қажеті жоқ деп, тек ішкі зерттеулерді пайдалану керек деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ біз халықаралық зерттеулер нақты жағдайды көрсететінін түсінуіміз керек, – дейді ол.

PISA – бұл жай ғана рейтинг немесе жарыс емес. Бұл – білім беру жүйесінің қаншалықты өмірге бейім екенін көрсететін құрал. Нәтижелер көңілден шықпауы мүмкін, бірақ оларды жасырып-жабу емес, қабылдап, сабақ алу маңызды. Себебі дамуға тек шынайы ахуалды білгенде ғана қадам жасай аламыз.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»