Пікірсайыс – көшбасшы жастардың жолы

Е.А.Бөкетовтің 100 жылдығына орай қазақ және орыс лигасында BUKETOV CUP-2025 республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Екі лигада жалпы жүлде қоры 1 400 000 теңгені құрады.

Дебат – ойлы жастардың алаңы. Қазіргі қоғамда жас ұрпақтың ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін әрі дәлелді түрде жеткізе білу аса маңызды. Осы бағытта дебат жастардың білімін шыңдап, тұлғалық қалыптасуына зор үлесін қосатын тиімді құрал. Бұл екі жақтың белгілі бір тақырып аясында өз көзқарастарын дәлелдермен қорғап, пікір алмасу арқылы шындыққа жетуге тырысатын пікірсайыс формасы. Мұнда қатысушылар тек қарсыласты жеңуге емес, өз ойларын сауатты жеткізуге, дәлелдер арқылы пікірін қорғауға тырысады. Дебатқа белсене қатысатын жастардың арасында өзіне сенімді, белсенді, басқаларды жетелейтін көшбасшылар қалыптасады.

Алматы, Астана, Павлодар, Қызылжар, Қостанай, Орал және т.б 10-нан аса аймақтан жиналған 96 адам қатысты. Әр аймақтан келген команданы қарсы алып, қаламен таныстыру үшін жеке гидтер тағайындалды.

Барлығы әділ түрде өтті. Жарыстың жақсы өткені дода соңында қатысушылардың ыстық ықыласы мен ризашылығынан білінді. Әрине, төреші жауабына келіспей, даулы сұрақтарымен келген фракциялар да болды. Бірақ, кейін төрешілер құрамы талдап түсіндіргеннен кейін, келісіп басқа шағымдарының болмағанын айтты.

– Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі турнирге биыл бірінші рет мектеп оқушылары мен колледж студенттері қосылған. Бұл оларға тәжірибе жинақтап, қиындықты жеңіл шешіп үйренуіне көмектеседі әрі басқа балалармен араласып танымдық көкжиегін кеңейтеді, – дейді бас төреші Ақерке Нұрлыбекқызы.

Жарыс қортындысы бойынша үздік үштікке Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагокикалық университетінің студенттері Ақылжан Итеғұлов пен Аяулым Мұқанова тұрақтады. Екінші орынды Н.Назарбаев университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері Ақнұр Ануар мен Ділназ Серік иеленді.  Ал екі күнге созылған турнирдің жеңімпазы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ инновациялық заң университетінің студенттері Ералы Нұрхан мен Нұрсұлтан Қадырғазыев.

Бұдан бөлек турнирдің үздік спикері атағын алған Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университітінің студенті Нұрсұлтан Қадырғазыев болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»