ПАРАСПОРТШЫҒА АРБА СЫЙҒА БЕРІЛДІ
Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, параспортшының енді ыңғайлы арбасы бар. Сыйлықты Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы табыстады.
Бұл «Паражүзу федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің алғашқы акциясы. Бас демеушісі – «Шахизадан» қорының негізін қалаушы. Мұндай қолдаулар спортшыларды жігерлендіреді, – дейді «Паражүзу федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айдар Қартпаев.
– Біз әрбір спортшымыздың еңбегін атап өткіміз келеді. Соның ішінде паражүзуші Наталья Звягинцеваны айта аламын. Ол бірнеше рет халықаралық жарыстардың тұғырына көтерілген жан. Осыған орай біз оған ыңғайлы арбаны сыйлап отырмыз.
Белгілі спорт саңлағы Наталья Звягинцеваның паражүзу спортынан жеткен жетістіктері жетерлік. Сондықтан оған артылатын ел сенімі орасан зор екені белгілі.
– Бүгінгі шарада параспортшы Натальяға «Паражүзу федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп арбаны сыйлап жатырмыз. Бұл оның спорттағы жеткен жетістіктеріне орай ұйымдастырылды. Алда талай белестерді бағындыратына сенімдімін, – деді «Шахизадан» қорының басшысы Али Аруак.
Найзағай намысты Наталья Звягинцева Әлем чемпионы, Азия параойындарының және еліміздің бірнеше дүркін жүлдегері. Жүзуші шамасы жеткенше әлі де бірнеше жыл жаттығамын деп жоспарлап отыр. Параспортшы Наталья Звягинцева қазіргі таңда келесі жылы өтетін әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде.
– Мен жүзумен 2009 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде талай жарыстарға қатысып, биік белестерге көтерілдім. Жүлдегер де, жеңімпаз да атандым. Ең қиыны – өзіңді жеңу. Екінің бірі ондай жігерлік таныта бермейді. Спорт мені ынталандырады. Өмір сүруге деген ұмтылыс береді. Маған ерекше қажет сыйлық бергендеріңіз үшін рақмет, – деп өз алғысын білдірді Наталья.
Арба жеңіл және әрі өте ыңғайлы. Әрі 3 жылға кепілдігі де бар. Бұл спортшының қозғалысын жеңілдететіні айқын. Ten Qogam орталығында мүгедектер арбасын жөндеу және қызмет көрсету бойынша инва-ТҚКО жұмыс істейді. Егер сұрақтар туындаса, қызметкерлер Натальяға көмектесуге уәде берді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»