Отшашу опық жегізбесін

Жаңа жыл жақындаған сайын бенгал оттары, петарда, зымыран, вулкан секілді алуан пиротехникалық заттардың саудасы қыза түседі. Жайма базардан бастап, ірі сауда үйлеріне дейін осы бір отшашудан опырып пайда табуды көздейді. Алайда отпен ойнаймын деп жүріп опық жейтіндер де аз емес. Оның дәлелі жаңа жылдан кейін ауруханаларға түрлі күйік жарақатымен түсер науқастар. Бір өкінішітісі сол, жарқылдақ оттан жарақат алатындар көбіне балалар. Осындай олқылықтар орын алмас үшін қарағандылық құтқарушылар жаңа жылдық мереке қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану бойынша ақпараттық түсіндіру рейдтерін жүргізуді бастады.

Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері осы мақсатта тексерістер жүргізіп, түрлі отшашуларды пайдалану туралы жадынамалар таратуда.

– Төтенше жағдайлар басқармасы мен полиция қызметі бірлесіп пиротехникалық құралдарды сақтау және тұтыну ережелеріне қатысты тексеріс жүргізуде. Арнайы нұсқаулықтарды қатаң сақтау керектігін айтып бағудамыз. Өйткені бұл отшашу заттары жаңғыш және жарылғыш болып келеді. Ережеге сай бұл заттарды ашық алаңда, ғимараттан тыс 50 метр қашықтықта қолдану қажет. Адамдарға, үйлерге қарай бағыттауға болмайды. Балаларға сатуға және қолдануға тыйым салынған. Петарданы тұтатқан соң жанбай қалса, қайта келіп тексеруге болмайды. Жанбаған пиротехникалық затты жоюдың өз жолы бар. Оны кем дегенде екі тәулік суда ұстап, содан кейін ғана контейнерге лақтырып тастау керек, – дейді Қарағанды қаласы ТЖБ бас маманы Ризабек Тұяқбаев.

Отшашуға арналған аймақта ағаш нысандар, құрылыс, автотұрақ, ғимарат және басқа өрт қаупі болуы мүмкін объекті болмағаны дұрыс. 50 метр радиуста жақын жерде көліктер мен нысандар болмауы керек. Қарсы жағдайда, арты жақсылыққа әкелмейді. Әлеуетті қауіптілік дәрежесі бойынша барлық пиротехникалық бұйымдар бес классқа бөлінген. Оларға байланысты қауіпті аймақтың радиусы 0,5 метрден 30 метрге дейінгі аумақты құрайды. Отшашуды тамашалаушылар ұшыру алаңынан 35-50 метрден кем емес қашықта тұруы керек. Отшашуды жағуды алкоголь тұтынған адамдарға сеніп тапсырмаған жөн. Сондай-ақ, айналада жануарлардың болмауын да қадағалау керек.

Пиротехникалық бұйымдарды қолданған кезде мынадай тыйым салынады:

– ересек адамдардың қарауынсыз 18 жасқа толмағандарға қолдануға;

– пиротехникалық бұйымның қасында темекі тартуға; – оларға механикалық әсер етуге;

– пиротехникалық бұйымды лақтыруға, соғуға;

– отқа тастауға;

– (бенгал оттарынан, торт шамдарынанан басқа) пиротехникалық бұйымдарды үй-жайларда қолдануға;

– жанып тұрған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстап тұруға;

– оларды ғимараттардың, құрылыстардың, электр желілері жанында және қауіпті жер радиусынан кіші арақашықтықта қолдануға;

– жанып тұрған пиротехникалық бұйымдардан қауіпті арақашықтықта тұруға;

– білтені жаққан кезде, сондайақ пиротехникалық бұйым жанып тұрған кезде бүгіліп қарауға;

– білте өшіп қалған жағдайда оны қайта жағуға болмайды.

Пиротехникалық заттардың саудасынан бөлек, заңсыз тасымалдануыда жіті қадағалануға алынған. Бұл орайда теміржол қатынасы қатаң бақылауда. Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 15-і мен 2022 жылдың 3 қаңтар аралығында Көліктегі полиция департаменті ҚарағандыСұрыптау станциясы ЖПБ-нің қызмет ету аумағында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталмыш шараның мақсаты — жаңа жыл мерекесін өткізу кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке тұлғалардың пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, әкелу, әкету тәртібін сақтауын тексеру, сондай-ақ сәйкестілік сертификаты жоқ пиротехникалық өнімдерді жеткізіп беруші көтерме сатушыларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту болып табылады. «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ-нің қызмет ету аумағына келіп кететін жолаушылар поездарында, станцияларда, вокзалдарда күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, — дейді Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ ӘПб АжҚҚАБт инспекторы полиция лейтенанты А.Ж. Мұқашев.

Жарақат алған бір жан болса, бірнеше қызмет, бірнеше адамнан сұрау болмақ. Сондықтанда сатушылар 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге жарылғыш заттарды сатуға тыйым салынғанын білуі керек. Түнгі сағат 11-ден кейін қоғамдық тәртіпті бұзу туралы ереже отшашу бұйымдарына да қатысты. Жұмыс күндері кешкі сағат 10 — нан кейін, демалыс күндері 23:00- ден елді мекендерде шу шығаруға болмайды. Өйткені, тыныштықты бұзған адамға айыппұл салынады. Бірақ бұл жазалар әдетте жаңа жыл қарсаңында жазылмаған нормаларға сәйкес әрекет етпейді. Сонымен қатар, пиротехникалық заттармен салюттарды заңсыз сатқаны үшін сатушыларға 25 АЕК дейін айыппұл тағайындалуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға өз қауіпсіздігі үшін тек сертификатталған пиротехниканы арнайы лицензияланған дүңгіршектерден сатып алуға кеңес береді. Бір сәттік отшашу өмірлік өкініш әкелуі мүмкін екенін естен шығармайық.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.