Отандық өнім сұранысқа ие

Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің делегациясы Қарағанды облысына арнайы сапар жасап, «Фитохимия» орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сапар барысында ресейлік ғалымдар қарағандылық мамандардың фитопрепараттар өндірісін ұйымдастырудағы тәжірибесімен танысып, орталықтың ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларын жоғары бағалады. Меморандум екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға, ғылыми және өндірістік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің делегациясы Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл келісім екі тараптың ғылыми және өндірістік салалардағы тәжірибе алмасуына, сондай-ақ жаңа дәрілік препараттар өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Меморандумның негізгі мақсаты – Сібірдің бай өсімдік ресурстарын пайдалану арқылы жаңа фитопрепараттар алу және оларды әлемдік нарыққа шығару. Сібірдің эндемикалық өсімдіктері, әсіресе Тибет медицинасында қолданылатын түрлері, өздерінің ерекше қасиеттерімен белгілі. Мысалы, Сібірде өсетін 30-ға жуық өсімдік нейропротективтік белсенділікке ие, бұл олардың медициналық мақсатта қолданылуына мүмкіндік береді.

– Қазіргі кезде дәрілік өсімдіктердің тапшылығы айтарлықтай байқалады, бұл шикізаттың одан әрі өңделіп, жаңа өнімдер алу мүмкіндігін шектейді. Бірақ Қарағандыда әлемдік деңгейдегі биологиялық белсенді заттар мен дәрілік препараттар өндірісімен айналысатын орталық бар. Мұнда өсіруден бастап, өңдеуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады. Дайын өнімдер шығарылады, бұл ерекше жағдай, – деп атап өтті, биология ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің өкілі Юрий Моноков.

«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы бүгінде дәрінің 70-тан астам түрін өндіреді. Орталықтың өндірген препараттарының ішінде ісік ауруларына қарсы дәрілер ерекше сұранысқа ие. Осы уақытқа дейін орталық Венгрия, Италия, Франция сияқты 30-ға жуық елмен тығыз ынтымақтастық орнатып, өзінің өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Бұл көрсеткіш орталықтың сапалы өнім өндіру мен халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.

– Біз Ресей биотехнологиялық орталығымен бірігіп, Қазақстанның дәрілерін Ресей нарығына шығару жөнінде жоспар құрып отырмыз. Сондай-ақ, Сібірдің бай табиғи ресурстары, әсіресе Тибет медицинасында қолданылатын эндемикалық өсімдіктердің түрлері бізге жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл өсімдіктердің 30-дан астам түрі нейропротективтік белсенділікке ие, сондықтан біз осы өсімдіктерден нейротропты дәрілер дайындауды жоспарлап отырмыз, – деді, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік  орталығының бас директоры Серғазы Әдекенов.

Меморандум аясында «Фитохимия» орталығының мамандары Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне тәжірибе алмасуға бара алады. Бұл екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, жаңа ғылыми зерттеулер мен өндірістік жобаларды дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл бастамалар отандық өнімдердің шетел нарығына шығуына ықпал етеді. Екі тарап та ғылыми және өндірістік салаларда жаңа бастамаларға қол жеткізуге сенімді. Қарағандыдағы «Фитохимия» орталығының зертханалары мен өндіріс қуаттары әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті дәрілік препараттар шығаруға мүмкіндік беретін деңгейде. Ресеймен жүргізілген бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде жаңа инновациялық жобалар жүзеге асырылып, Қазақстанның фармацевтика саласының халықаралық аренада танылуына қосымша серпін береді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                                

«QH»