Отанға адалдық пен рәміздерге құрмет – басты құндылық
«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық бағыттағы бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Шаралардың басты мақсаты – әскери қызметшілердің бойында отансүйгіштік сезімді нығайту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және жоғары азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды.
Салтанатты шаралар әскери бөлім аумағында өткен митингіден бастау алды. Оған бөлімнің әртүрлі бөлімшелерінен әскери қызметшілер қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны тәуелсіздік пен егемендіктің, ұлттық бірлік пен тұтастықтың басты нышандары екендігі ерекше атап өтілді. Қатысушылар мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы әрі әскери қызметшінің қасиетті міндеті екенін жеткізді. Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі болды. Елдің басты нышанын көтеру құрметі мерзімді әскери қызметтің кіші сержанты Николай Аламовқа сеніп тапсырылды.
– Осындай айтулы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған осындай құрметті міндет жүктегеніне ерекше ризамын. Мемлекеттік Ту – еліміздің тәуелсіздігін, халқымыздың бірлігін және ортақ өркендеуге деген ұмтылысын бейнелейтін қасиетті рәміз. Әскери қызметші ретінде Отанға қызмет етіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында болу мен үшін үлкен мақтаныш, – деді кіші сержант Николай Аламов.
Мерекелік шаралардың жалғасы ретінде бөлімнің 100-ден астам мерзімді әскери қызметшісі Қарағанды қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты патриоттық форумға қатысты. Аталған форум мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, жастардың және әскери қызметшілердің басын қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен патриоттық тәрбиені нығайтудың маңызды алаңына айналды. Жас сарбаздар үшін форумға қатысу ерекше маңызға ие болды. Жуырда ғана Отанға адал қызмет етуге Әскери ант қабылдаған олар үшін мұндай ауқымды қоғамдық-патриоттық шараға қатысу ел болашағына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Әскери қызметшілер өз әскери бөлімінің намысын абыроймен қорғап, осындай бастамалардың Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және мемлекеттік рәміздеріне деген құрметті арттырудағы маңызын атап өтті. Өткізілген іс-шаралар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері ел бірлігі мен тұтастығын нығайтатын қуатты құндылық болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар жас ұрпақты Отанға адал қызмет етуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға және еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға жігерлендіреді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

