Қос басылым тоқсанда
Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттері 90 жасқа толды. Айтулы мерекемен басылым қызметкерлерін Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек құттықтады.
– 90 жыл бойы аталмыш газеттердегі айдарлар, жобалар, форматтар, редакциялар құрамы сан рет өзгерді, бірақ өңірдің маңызды оқиғалары мен проблемаларын жариялаудағы сапа, жеделділік өзгеріссіз қалды. Басылымдар бұрынғысынша қызықты адамдар, көрнекті жерлестер туралы әңгімелейді және өз оқырмандарын әрдайым жаңа нөмірлермен, жаңа жобалармен қуантуда. Қазір басылымнан бөлек онлайн форматта да жарыққа шығады. Өңірлік басылымдар барлық өзгерістер мен реформаларды көрсете отырып ел тәуелсіздігінің айнасына айналды, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Мерейтой иелерін Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев құттықтады. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин және ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов редакцияға құттықтау хаттарын жолдады.
Кеш барысында тарихы тереңге жайылған екі басылымның мерейтойына орай шығарылған кітаптар таныстырылды. Онда газеттердегі өзгерістер мен қызметкерлер туралы фактілер жинақталған.
– Бүгінгі таңда екі газет те «SARYARQA аqparat» медиахолдингінің құрамына кіреді. Барлық уақытта баспасөз уақыт талабына сай болуы керек деп есептейміз. Екі газеттің басылымдары осы талаптарға жауап береді. Биыл олардың форматы өзгерді, сайттар жаңартылды және әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізілуде. Мұның бәрі біздің сүйікті оқырмандарымыздың игілігі үшін, – деді «SARYARQA aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов.
Мерекелік шарада басылымның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен редакция қызметкерлері марапатталды. Қазақстан Президенті Әкімшілігінің атынан Жансая Омарбек, Светлана Свич, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан тілші Самал Шиль және дизайнер Шынар Адамбековаға алғысхат тапсырылды.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагері Сүйіндік Жанысбай және «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких марапатталды.
Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен екі басылымның ардагерлері Төрехан Майбас пен Екатерина Кузнецова, аға дизайнер-беттеушілер Марал Айнекова мен Юрий Билушенко, журналистер Әсел Жетпісбаева, Аман Жанғожин, корректор Бағдат Нұрмағамбетова марапатталды.
Журналистер одағынан дизайнер-беттеуші Дмитрий Мехаев, тілшілер Аяулым Совет, Жәлел Шалқар, Нұрдос Кәрім және «Индустриальная Караганда» газетінің Бас редакторы Оксана Мягких алғысхатқа ие болды.
«Қазақстанның құрметті журналисі» атағына газет ардагерлері Сұлтан Кемелбаев, Аман Жанғожин, Андрей Пухальский және Әлібек Әбдірашев лайықты деп табылды.
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабеков пен фотограф Валерий Петухов азаматтық қоғамның дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Журналистер одағының алтын медалімен марапатталды.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»