Қоржында – қомақты олжа

Ашық суда жүзуден Қонаев қаласында өткен Қазақстан чемпионатында қарағандылықтардың бәсі өзгелерден бір саты жоғары тұрды. Жүзуден Қарағанды олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері рекордтық марапаттарға ие болды. Олар қоржынына 19 медаль жинады.

Жеңіс үшін 11 өңірден 145 спортшы сайысты. Биылғы чемпионатта қарағандылық жүзушілер бұрынғыдан төрт медаль артық жеңіп алды.

Жарыстың жеңімпаздары Ярослав Губарев (бірінші орын – 500, 5000 және 10 000 м) және Иван Лисицын (бірінші орын – бір теңіз милі (1 852 м), 500 м және екінші орын – 3000 м) болды. Республикалық біріншіліктің жүлдегерлері: Тимур Қасымов, Эрик Залиев, Лиона Загриценко, Варвара Купчик, Никита Борисов, Даниил Абросов және Тимофей Лебедев.

– Жарыс қорытындысы бойынша, ҚР спорт шеберлерінің нормативтерін Қасымов, Купчик, Загриценко және Борисов орындады. Біздің кей спортшымыздың жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті облыстың ашық суда жүзуден аға жаттықтырушысы Евгений Аленушка.