Орталық Қазақстанның алтын жеңісі
Өзбекстанда киокушинкай каратэден өткен Asian Oyama Cup халықаралық турнирінде Қарағанды облысының спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді. Бес мемлекеттен жиналған 750-ге жуық спортшының арасынан Орталық Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Қарағандылық каратэшілер 16 алтын және 12 күміс медаль еншілеп, халықаралық деңгейдегі бәсекеде айқын басымдық көрсетті. Бұл – өңір спортының соңғы жылдардағы жүйелі дамуының нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
– Бүгін біз тарихты жаңарттық: 20 ұйым мен 20 команданың ішінен топ жарып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иелендік. Өзбекстан төрінде Қазақстанның көк байрағын биікке көтердік, – дейді Қарағанды облысы құрамасының өкілі.
Жеңімпаздардың қатарында тәжірибелі спортшы Милена Тілеуленова да бар. Ол үшін бұл халықаралық жарыс жаңа жеңістер тізбегінің жалғасы болды.
– Бұған дейін де республикалық турнирде бірінші орын алып, кубок жеңіп алғанмын. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды, – дейді Милена Тілеуленова.
Ал жас спортшылардың бірі Тілек Серіков жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Ол жартылай финалдағы жекпе-жек өзіне үлкен сабақ болғанын айтады.
– Турнирге үлкен дайындықпен келдім: тұрақты жаттығулар, техника және спаррингтер болды. Жартылай финал ең қиын кездесу болды. Жеңіліске қарамастан, бұл маған үлкен тәжірибе берді, – дейді Тілек Серіков.
Ташкентте өткен халықаралық турнирге Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан спортшылары қатысты. Дода жоғары бәсекелестікпен өтіп, әрбір жекпе-жек шеберлік пен төзімділіктің сынға түскен алаңына айналды.
Мамандардың айтуынша, Қарағанды каратэшілерінің бұл жеңісі өңірде киокушинкай каратэ мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып, олардың болашақ үлкен жеңістеріне жол ашады.

