Оразада жиі қойылатын сұрақтар

Құрметті оқырман! Қасиетті Рамазан айы қарсаңында оразаға қатысты жиі қойылатын бірқатар сұрақтың жауабын алдын ала өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

Намаз оқымаған адамның ораза ұстауына бола ма?

Ораза — жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Ораза — Ұлы Жаратқанға жақындаудың бір түрі. Мұны «болмайды» деп тыю дұрыс емес. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру — саналы әрбір мұсылманның міндеті.

Ұйықтап қалып сәресіні өткізіп алған кісілер не істейді?

Сәресі ішу — парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ сәресіні тұрақты ішіп отыруға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешірім тілейді», — делінген.

Сәресі уақытын күн шығысымен тоқтату керек пе?

Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Ендеше аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек. Яғни таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуді тоқтату керек.

Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың оразасы бұзыла ма?

Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда ораза бұзылмайды. Бірақ ораза ұстап жүргені есіне түскен сәттен бастап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауызды шайып, оразаны әрі қарай жалғастырады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені оған Алла Тағаланың Өзі ішкізіп- жегізген», — дейді.

Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?

Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын», — делінген.

Қадір түнін таң атқанша ұйықтамай өткізу шарт па?

Қадір түні — Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа барабар. Сондықтан бұл түнді нәпіл намаз, Құран оқып, зікір айтып, салиқалы істер жасап, ғибратты әңгімелер мен уағыздар тыңдап өткізген абзал.

Ауыз бекіткенде тіс пастасын қолдануға бола ма?

Тісті мүмкіндігінше сәресі уақыты шықпай тұрып жуып алған абзал. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда тамаққа кетпейтіндей етіп аса сақтықпен жууға рұқсат етіледі.

Ауыз бекіту дұғасы мен ауызашар дұғаларын қазақша айтуға бола ма?

Ұлы Жаратушы барлық ұлттың тілімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауызашар дұғаларын арабша айту — шарт емес, әр ұлт өз тілінде айтса да болады.

Науқас адам оразада не істейді?

Алла Тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді. Өйткені Ұлы Жаратушы Иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген.

Рамазанда беттен сүйсе, ораза бұзыла ма?

Аузы берік кісінің беттен сүюі оразаны бұзбайды. Себебі пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) аузы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен.

Сілекей не түкірік жұтса, ораза бұзыла ма?

Аузы берік кісі аузындағы сілекейін не түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып жұтса да, ораза бұзылмайды.

Рамазан айында төсек қатынасына түсуге бола ма?

Рамазан айында ауыз берік болған мезгілде ғана төсек қатынасына түсуге рұқсат жоқ. Ал кешке ауызашар уақытынан кейін төсек қатынасына түсуге рұқсат

Аузы берік адамға өзен-көлге түсуге бола ма?

Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т. б. жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Бұл оразаны бұзбайды.

Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?

Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген жүкті не бала емізетін анаға Рамазан оразасын тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат.

Рамазанда қан алдыру оразаны бұза ма?

Ораза ұстаған адамның қан алдыруы оразаны бұзбайды. Өйткені ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған.

MUSLIM.KZ сайтынан алынды