Қор жұмысы қайта қаралады

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Жиын барысында қоғам бағалауы мен ұстанымдарын ескере отырып қор жұмысының форматы өзгеретіні сөз болды. Қоғам белсенділері қор төрағасына денсаулық сақтауды қолдауға, ерекше балалар мен мүгедек адамдарға көмек көрсетуге қатысты өтініштерін жеткізді.

– Қыркүйек айында біз азаматтық қоғам өкілдерін, қор донорларын, қазақстандық ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді, Үкімет мүшелерін, депутаттарды шақырумен үлкен онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы конференцияда біз қордың жаңа тұжырымдамасын, қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар проспектісін бекіткіміз келеді. Сіздердің ұсыныстарыңызды есту біз үшін маңызды. Осы мақсатта өңірлерді аралаймыз, – деді Болат Жәмішев.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда қор басшылығы тарапынан ауылдағы білім беруді қолдау бағытында тиімді жобаларды іздестіру қолға алынған. Ол үшін арнайы мектеп-интернаттарды жабдықтау жобасы әзірленуде екен. Бұл бойынша 99 мектептен өтінім қабылданып, оның отызымен бірлесе жұмыс істеу жоспарлануда. Сондай-ақ «100 спорт залы» бағдарламасын қаржыландыру басталыпты. Болат Жәмішев кездесу барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың бірде-бірі назардан тыс қалмайтынына сендірді.

Өз кезегінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек тұрғындарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын және түрлі мәселені қормен бірлесе отырып шешудің тиімді тетіктері ізделетінін жеткізді.

– Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек көрсету бағытында жұмыс істеуде. Мысалы, орфандық аурулары бар емделушілерге арналған дәрілік препараттарды сатып алу бюджеттен қаржыландырылды. Жүйелі мәселелерді өз деңгейінде шешуге тырысамыз. Меценаттар, демеушілер де көмектеседі. Бірақ әлі де проблемалар бар, сондықтан қормен өзара іс-қимыл нүктелерін тапқымыз келеді, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Кездесу «Қазақстан халқына» ҚҚ мен Қарағанды облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Өз тілшімізден