Оно Сехэй Қарағандыда
Атағынан ат үркетін, беделі бес қарудай спорт саңлағы Оно Сехэйдің спорттық жолындағы жарқын жетістіктері балаң палуандарды қызықтырып, асқар асуларға мотивация беретіні даусыз. Ол – Олимп шыңын екі мәрте бағындырған атақты дзюдошы. Жеті дүркін өз салмағында әлемде теңдесі жоқ спортшы атанғаны дүниежүзіне мәлім.
Ал Қарағанды қаласына арнайы келген спорт жұлдызы Қанат Байшолақов атындағы спорт кешенінде жас дзюдошыларға шеберлік сабағын өткізді. Екі күнге межеленген шарапатты шараға ең алғашқы күні 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты. Сонымен қатар 12 жастан жоғары балаларда теңдессіз мүмкіндікке қол жеткізді.
Шеберлік сағатының бірінші бөлімінде Оно Сехэй дзюдо техникасы мен тактикасы бойынша сабақтарын ұтымды ұсынды. Белгілі дзюдошы өзінің «төлқұжатына» айналған айрықша тәсілдерді көрсетті. Олимпиада чемпионы дзюдодан жарқын жетісттікке жету үшін әуелі табанды болу керек алға тартты.
-Бұл семинарда мен қарағандылық дзюдошылардың бабында екенін байқадым. Әйтсе де палуандар тынымсыз еңбектеніп, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Олимп шыңын бағындыру үшін табандап тер төгу керек. Ынта –ыждаһатымен дайындалып, дзюдоға өмірін арнаса, биік белеске шығатыны ақиқат. Алдағы уақытта олар бойындағы ерік –жігерлерін салып жаттығады деп ойлаймын, – деді Оно Сехэй.
Айталық, шеберлік сабағы дзюдо жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырғаны сөзсіз. Даңқты дзюдошымен кездесуге 1500-ден астам адам қатысты. Ал Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев осындай мол мүмкіндікке ие болған өрендерге нық сенім білдіріп, жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді. Кеншідер шаһарына келген қадірлі қонақ халықаралық дзюдо федерациясының бас директоры Влад Маринеску мырзаға салт –дәстүрімізге сай оқалы шапан жапты.
— Даңқты дзюдошы Оно Сехэй Қарағандыға келді. Түптеп келгенде мұндай мүмкіндік- қарағандылық дзюдошылардың әлемдік додаларда олжа салуына жол ашатын үлкен мереке. Құрметті қонақтың келуі Қарағандыда дзюдодан Олимпиада чемпионының шығуына негіз болады деп сенеміз. Жас спортшылар үшін аты аңызға айналған дзюдошыны көру үлкен бақыт екенін айтады, — әйгілі қарағандылық дзюдошы әлем чемпионы Максим Раков.
Екінші бөлім бейресми бағытта жалғасты.Оно Сехэй қарағандылық дзюдошыларға қолтаңбасын берді. Жауырыны жер иіскемеген атақты спорт жұлдызы шеберлік сағаты барысында қатысушылар және көрермендермен емен –жарқын әңгіме өрбітті. Естелік белгісі ретінде олармен бірге суретке түсті.
Атағы атан түйеге жүк болатын палуан Қарағандыға дзюдодан Қазақстандағы тұңғыш кәсіби JENYS клубының арнайы шақыртуымен келіпті. Ірі іске бас болған – аталған клубтың Президенті, Халықаралық дзюдо федерациясының кеңесшісі Алмаз Әлсенов.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»