Қолдау алған кәсіпкер көп
Жыл басынан бері Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 532 грант берілді. Оның 280-і жастарға, қалғандары халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне бөлінді.
Гранттарды 29 жасқа дейінгі жастар санатынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен өңір тұрғындары, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың өкілдері алды. Бұл атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар, сондай-ақ мүгедек жандар алды. Биыл кәсіпкерлік негіздерін оқытуға барлығы 2 487 адам жіберілді. Олардың 1 670-і оқуын аяқтап, сертификат алды.
34 жастағы Айнұр Аринова 1 миллион 225 мың теңге грант алды. Ол «Страна чудес» ойын-сауық студиясын ашудың бизнес-жоспарын қорғады.
– Мен денсаулығыма байланысты ұзақ уақыт бойы дұрыс жұмыс таба алмадым. Екі балам бар, оларды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Біз АӘК-тің арқасында өмір сүріп келдік, – дейді Айнұр. – Жазда мен жарты күн ғана істеуге болатын жұмыс табу үшін Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Маған гранттар байқауына қатысу ұсынылды. Мен қуанып кеттім, себебі бұрыннан бері өз ісім туралы армандаған едім. Бизнес-жоспар жазуға маған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері көмектесті. Осылайша мен грант алдым.
Айнұр студиясына қажетті қуыршақ костюмдеріне тапсырыс берді. Сондай-ақ сабын көпіршіктерін бүрку машинасын, камера, реквизиттер сатып алып, Instagram-да студия аккаунтын құрды. Жұмысқа ол студенттерді тартуды көздеп отыр.
– Біз жұмысты осы айда бастаймыз. Жақын арада біздің костюмдер дайын болады, – дейді Айнұр. – Жұмыссыздарға өз күштерін сынап көруге және гранттар байқауына қатысуға кеңес беремін.
Айдос Жанұзақов та өз ісін дамытуға грант алды. Оның еден құю және төсеу жұмыстарымен айналысатын құрылыс тобы бар.
– Біз бірнеше жыл осы салада жұмыс істеп келеміз. Менде компрессордың көмегімен көпқабатты ғимараттардың жоғарғы қабаттарына ерітінді беретін қымбат аппарат бар, бұл – еденді тез және сапалы құюға мүмкіндік береді. Мен екі адамды жұмыспен қамтамасыз етемін, – дейді Айдос. – Грант қаражатына өз аппаратымның құрамдас бөліктерін сатып алдым, олар қымбат. Енді біз тиімдірек жұмыс істей аламыз.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдан бастап грант алу тетігі өзгерді. Байқауға қатысу үшін қатысушылар enbek.kz сайтына тіркеліп, business.enbek.kz бөлімінде грант алуға қашықтықтан өтінім беруі керек.
Сондай-ақ осы порталда үміткер бизнес-жоспардың үлгісін дербес толтырады және грант беру жөніндегі комиссия отырысында өз жобасын қорғайды. Презентациядан кейін комиссия грант беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мақұлдау кезінде қатысушы банктік деректемелер ұсынады және Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Ақшалай қаражатты аударғаннан кейін грант алушы үш ай ішінде гранттың мақсатты пайдаланылуын растайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі