Облыс колледждерінде сегіз жаңа мамандық пен тоғыз біліктілік ашылған

Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 54 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 38-і мемлекеттік, 16-сы жекеменшік. Мамандарды даярлау 128 мамандық және 176 біліктілік аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.

ТжКБ жүйесінде жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 8 700 орынды, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 6 700 орын және республикалық бюджет есебінен 2000 орынды орналастыру жоспарланып отыр. Медициналық мамандықтардағы мемлекеттік тапсырыс саны 700 орынға ұлғайтылатын болады.

– Оқу жылының басынан бері алты колледжде сегіз жаңа мамандық және тоғыз біліктілік ашылды, атап айтсақ: «Цифрлық технологиялар», «Дене шынықтыру және спорт», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстар салу және пайдалану», «Банктік және сақтандыру қызметі», «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» және «Интерьер дизайны». 1 сәуірден 15 мамырға дейін барлық қалалар мен аудан орталықтарында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған жыл сайынғы кәсіптік жәрмеңке өткізілетінін хабарлаймыз, онда колледждерде оқу туралы толық ақпарат беріледі, – деп атап өтті Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Құрметті оқырман, естеріңізге сала кетейік, Білім басқармасында жедел желі жұмыс істейді. 25-25-02 және 8 747 491 1291 нөмірлеріне хабарласып, туындаған мәселелер жөнінде әрқашан кеңес ала аласыз. Жедел желі қызметтері білім бөлімдерінің барлығында жұмыс істейді.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»