Облыс кітапханашылары кәсіби біліктілігін арттырды

Қарағандыда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы базасында Қарағанды облысының мектеп кітапханашыларын оқыту курстары өтті.

Курс тыңдаушылары үшін «Орта білім беру ұйымдары кітапханаларының инновациялық қызметінің заманауи стратегиялары» тақырыбында сабақтар өткізіліп, білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамытудың басым бағыттары, кітапханашылардың қызметін реттейтін нормативтік- құқықтық құжаттар жүйесі, медиа және ақпараттық сауаттылықты арттыру, ақпараттық- коммуникациялық технологияларды меңгеру және қолдану сынды бірқатар мәселе қаралды. Сондай-ақ «Инклюзивті білім беру жағдайында 8 санат бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуды ұйымдастыру» тақырыбы бойынша сабақтар өтті.

Мектеп кітапханашылары басқару құжаттарын, кітапхана ісінің стандарттарын, мектеп кітапханаларының қызметтік құжаттарын жүргізуді зерттеді.

Курс жетекшісі С. С. Ташенова және кітапхана меңгерушісі А. Н. Бұқарбаеваның шеберлік сабақтары жоғары деңгейде өтті.

Екі аптаға созылған оқу барысында кітапханашылар жұмыстың түрлі бағыты бойынша жобалар әзірлеп, өз араларында қорғады.

— Мен үшін бұл курс ғылыми контексте түрлі сұраққа жауап алуда өте пайдалы болды. Мектеп кітапханашыларына басқа кітапханалардың жұмыс тәжірибесімен танысуға зор ықпалын тигізді, — дейді Е. А. Бөкетов атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханасының меңгерушісі Нағима Итқарина.

Курсқа қатысушылар өзара жақсы тіл табысып, қимастықпен қоштасты. Сонымен қатар пайдалы білім, құнды ақпарат арқылы кәсіби біліктіліктерін арттыруға зор мүмкіндік туды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»