Облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған гранты ұлғайтылды

«Биыл Қарағанды облысы әкімінің грантына 200 миллион теңге бөлінді. Барлығы 100 жеңімпаз анықталады, әрқайсысы 2 миллион теңгеден алады. Байқауға қатысуға өтінімдер мамыр айында қабылданады», — деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің сайты.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мәселелері облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.

” Өңірде 95 300 шағын жəне орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оның 15 560- ы — 29 жасқа дейінгі жас кəсіпкер. Жастар жобаларының ең көбі саудада (5 531), қызмет көрсету саласында (3 331), ауылшаруашылығында (1 438), өнеркəсіпте (921) жүзеге асырылды.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау кешені әзірленді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен облыстық бағдарламалар аясында биыл 800 жастар жобасын, оның ішінде 385- ін Жұмыспен қамту басқармасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда.

— Жас кәсіпкерлер 400 АЕК алады, — деді Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева. — Жастар саясаты басқармасы арқылы әрқайсысына 2 миллион теңгеден облыс әкімінің 100 грантын беру жоспарлануда (өткен жылы грант сомасы 1 миллион теңгені құрады). Қалалар мен аудандарда әкімдердің гранттарына 140 миллион теңге бөлінді. Бұл — шамамен 200 грант.

Сондай-ақ жаңа бизнесидеяларды іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 6 мақсатты грантты Кәсіпкерлік басқармасы бөледі. Біреуінің сомасы 5 миллион теңгені құрайды. Байқау осы жылдың үшінші тоқсанында платформа арқылы электронды түрде өткізіледі деп жоспарлануда. Ол qoldau.kz «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Гранттарды бөлу кезінде креативті салаларға ерекше назар аударылатын болады. Оларға дизайн және сән, өнер, теледидар, кино және музыка, баспа және журналистика, сәулет, маркетинг және коммуникациялар, шығармашылық индустриядағы білім, компьютерлік графика, Big Data кіреді.

Биылғы жылы да жаңа бағыт іске асырылады. Яғни шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдарда жылдық 5%-бен (айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін, инвестициялық кредиттерге 20 миллион теңгеге дейін) микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау басталады.

Сонымен қатар жылдық 6%-бен жеңілдетілген шағын несие беру арқылы үлкен қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлердің 50 жобасын субсидиялау жоспарлануда.

Мысалы, БЖК бойынша қарағандылық жас кәсіпкер Сергей Бобков 4,9 миллион теңге грант алды. Осы қаражатқа ол механизмдерге арналған бөлшектер, декор элементтері, макеттер және басқаларын шығаратын 3D модельдерін жасауға арналған пластик өндіретін жабдық сатып алды.

” Жастар бизнесі жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыруда жəне жұмыссыздық деңгейін төмендету де үлкен рөл атқарады. Тек өткен жылдың өзінде 1 500 жұмыс орны ашылды.

Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша гранттар беру ережелеріне өзгерістер енгізілді: енді гранттар қолдауға ие болған кәсіпкерлерге берілмейді.

Жеңіс Қасымбек грант алу шарттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

— Ауылдық жерлердегі адамдар грант алу мүмкіндігі, байқауларға қатысудың критерийлері мен индикаторлары туралы әрдайым біле бермейді. Олардың нәтижелері туралы, яғни гранттарды кім алды, қандай жобалар қолдау тапқаны туралы адамдарға жеткізу керек. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты қайта қарау қажет. Гранттарды тек перспективалы жобалар ғана алуы тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»