Оқушылар жазда не істейді?
Қарағанды облысында 150 мыңға жуық бала мен жасөспірім қала сыртындағы және мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде демалады. Өңірде алғаш рет жазғы сауықтыру лагерьлері арнайы мектеп-интернаттар базасында ашылады.
Барлық мектеп жанындағы лагерьлер 5 маусымнан бастап жұмыс істей бастайды. Сол күні акциялар өтеді, онда балаларға демалыстағы негізгі қауіпсіздік шаралары туралы айтылады.
Ыбырай Алтынсарин атындағы №101 Қарағанды мектеп-лицейінің жазғы лагерінде балаларға арналған бағдарлама дайындалды. Оқушылар сарайында мұражайларға экскурсия, кино, шеберлік сыныптары жоспарланған. Биылғы жылы осы оқу орнының мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлерінде 600 бала демалады.
– Бізде екі маусым болады, олар 5-16 маусым және 19-30 маусым аралығында өтеді. Мектеп жанындағы лагерьде бір маусымда 250 бала демалады. Ата-аналар есебінен күніне екі рет тамақтану құны 1000 теңге болады. Жыл сайын лагерьде біздің асхананы жалға алушы 10 баланы тегін тамақтандырады. Бейіндік лагерь де жұмыс істейтін болады.
Мұнда 2-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі 100 бала уақытын қызықты өткізе алады. Яғни спортпен шұғылданады, қазақ тілін және Ы.Алтынсарин еңбектерін зерттейді т.с.с. Мұнда тамақ қарастырылмаған, – деді мектеп-лицей директоры Раиса Кенешова.
Биыл жазғы лагерьге Бұлбұл Набиеваның бір баласы барады.
– Менің үш балам бар. Үлкен балам №101 мектеп-лицейін бітірген, қалған екеуі қазір осында оқиды. Барлығы жазғы лагерьге барды, бәріне ұнады. Биыл балалардың бірі қайтадан мектеп жанындағы лагерьге барғысы келді. Мен бұған қуаныштымын. Қызықты экскурсиясы бар, бір-бірімен араласады. Бір сөзбен айтқанда, үйде отырып телефонға немесе теледидарға тәуелді болғаннан жақсы, – дейді Бұлбұл Нәбиева.
– Сондай-ақ облыста алғаш рет мектеп жанындағы лагерьлер ерекше білім беру қажеттілігі бар 360 балаға арналған арнайы мектеп-интернаттар базасында ашылады, – деп атап өтті Білім басқармасының бас маманы Галина Әбішева.