Оқушылар байқауы қорытындыланды

Қарағандыда өңіріміздің жалпы білім беретін барлық мектебінің 3-10 сынып оқушылары арасында республикалық балалар оқу байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Бұл турға барлығы 80 оқушы қатысты.

Жасына және оқу жоспарына сәйкес, оқушылар «Әдебиет порталы» интернет-жобасынан кітаптар оқып, оқығандары негізінде тапсырмалар орындады. Атап айтқанда, эссе жазып, тест тапсырды.

Облыстық кезең қорытындысында 3-4 сыныптар арасында І орынды Балқаш қаласынан келген оқушы Кәусар Берікбай иеленді. Ал 5-6 сыныптар арасында Шет ауданынан келген Мейрамгүл Байболатқызы оқ бойы озып шықты. Сондай-ақ 7-8 сынып оқушылары арасындағы байқауда қарқаралылық Айзере Маратова үздік деп танылды. Жоғары сынып оқушылары арасында І орынды Ақгүлім Бегілікова (Ақтоғай ауданы) иеленді.

– Бұл байқау туралы бізге кітапхана меңгерушісі айтты, мен кітап оқуды жақсы көретіндіктен қатысуға шешім қабылдадым. Мен қазірдің өзінде 50-ден астам кітап оқыдым. Маған бәрінен де «Алпамыс батыр» ертегісі ұнады. Эссе жазу оңай болды, тест сәл қиынырақ болды. Қазір республикалық кезеңге қызу дайындалып жатырмын, – деп бөлісті Балқаш қаласының Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Кәусар Берікбай.

Жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды. Барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Байқаудың республикалық кезеңі 2 қарашада өтеді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»