Оқушы саны – назарда

Қарағанды қалалық білім бөлімі шаһардағы білім ордаларын аралап, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Бір сыныптағы оқушы саны басты назарда болды.

«Білім туралы» Заңға сәйкес оқушыларды сыныпқа жинақтау мектептің құзыретіне жатады. Білім алушыларды сыныптарға жинақтау кезінде оқу кабинеттерінің саны, оқушы үлгеріміндегі ерекшеліктер, педагогтар саны, жалақы қоры сынды бірнеше фактор ескеріледі.

Биыл қала мектептеріндегі жалпы сынып саны – 3153. оқушы саны өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,5 мыңға арттып, 72,5 мыңды құрап отыр.

Бір сыныпта оқушы саны 25-тен аспауы тиіс. Бұл – бірқатар заң мен санитарлық-эпидемиологиялық норма талабы. Дәл осындай жағдайда баланың қажетті білім алуы қамтамасыз етіледі.

Десе де, Қарағандыда оқушылардың саны жобалық қуаттан асатын мектептер жоқ емес. Кейбір сыныпта 25-тен астам оқушы білім алады.

Осы мәселеге қатысты Б.Момышұлы атындағы мектеп ата-анасына шағым түскен. Мектепте 55 төртінші сынып оқушысы екі сыныпқа біріктірілген. Өткен жылы оқушылар саны 64-ті құрап, үш сынып жасақталған. Биыл бала санының азаюына байланысты, бір сыныпта 27-28 оқушы білім алуға тура келеді.

Аталмыш мектептің жобалық қуаттылығы 1200 орын болса да, биылғы бала саны 1600-ді құрайды. Мектеп әкімшілігі оқушыларды сыныпқа жинақтау кезінде ата-аналардың қалауы да ескеріліп, балалардың бір сыныпта, қолайлы жағдайда білім алатындығын алға тартуда.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА