Оқу жылының аяқталуы

25 мамырда мектептерде оқу аяқталады. Қарағанды облысында биыл оқу жылын 172 мыңнан астам оқушы аяқтайды.

Барлық мектепте 24 мамырда «Білімім – Отаныма!» жалпыреспубликалық сынып сағаты өтеді. 11-сынып түлектері үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» салтанатты іс-шарасы 25 мамыр күні сағат 09:30-ға жоспарланған.

– Биылғы жылдың жаңалығы – 5, 8 және 10-сынып оқушыларының қазақ тілінен емтихан тапсыруы. Емтихандар 27-31 мамыр аралығында өтеді. Қорытынды емтихан материалы 25 мамырға дейін барлық білім бөліміне жеткізіледі. Қорытынды аттестаттау мектеп базасында өтеді және 11 маусымға дейін аяқталады. 11-сынып түлектеріне салтанатты түрде аттестат тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді, – деп хабарлады облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Айта кетейік, мектеп түлектерінің ҰБТ-ны бес рет, оның ішінде жазғы кезеңде екі рет тапсыру мүмкіндігі бар. Жазғы кезең 16 мамырда басталды. Тест нәтижелерін білім беру гранты конкурсына қатысу үшін пайдалануға болады. ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардағы түлектер, сондай-ақ колледж түлектері қатысады.

– Биыл тестілеуге 5 992 түлек немесе 79,7% адам қатысуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3% көп. ҰБТ рәсімі заманауи прокторинг және бейнебақылау жүйесімен электронды форматта өтеді. Тестілеу Қарағанды мен Балқаштағы «U-FUTURE» ЖШС-ның орталық базасында өткізіледі, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.

Колледждерде оқу жылы 30 маусымда аяқталады. 29 мамыр мен 29 маусым аралығында өтетін қорытынды аттестаттауды 10 мыңға жуық адам тапсырады. Аттестаттау комиссиясы 70% жұмыс берушілерден тұратын болады.