Оқу жылы қорытындыланып, демалыс маусымы ашылды

Оқу жылы өз мәресіне жетіп, мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды кезең артта қалды. Енді олардың алдында – жазғы демалыс пен жаңа өмір белестері тұр. Сонымен қатар, облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарында жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады.

Облыстық білім басқармасының деректеріне сәйкес, 2024-2025 оқу жылында өңірдегі 404 мектепте 175 мыңнан астам оқушы білім алды. Олардың ішінде 16 745 оқушы 9-сыныпты аяқтап, одан әрі 10-сыныпта оқуын жалғастырады немесе колледжге түседі. 11-сыныпты 8 267 оқушы бітіріп шықты.

Оқу жылы 23-мамырда ресми түрде аяқталды. Бұл күні барлық мектептерде «Білім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті. Ал бітіруші түлектерге арналған салтанатты жиындар 23 және 24 мамыр күндері ұйымдастырылды.

– Биыл «Алтын белгіге» 222 түлек, үздік аттестатқа 514 оқушы, ал 9-сыныптың үздік аттестатына 858 оқушы үміткер болды. Бұл – оқушылар мен мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Оның айтуынша, барлық қорытынды емтихандар белгіленген мерзімде, яғни 9-сыныптар үшін 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, ал 11-сыныптар үшін 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өтті. Білім туралы аттестаттар 18–20 маусым аралығында табысталды.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге 7 445 түлек өтініш білдірді. Тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында Қарағанды және Балқаш қалаларындағы үш аймақтық тестілеу орталығында өтеді.

Облыс бойынша бітіру шаралары барысында оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Білім басқармасы ата-аналар мен мектептерге кештерді мейрамханаларда, ауылдан тыс жерлерде өткізуге, сондай-ақ мерекелік агенттіктерді тартуға тыйым салды. Бұл шектеулер заң талаптарын сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

– Біз үшін әрбір баланың өмірі мен денсаулығы қымбат. Сондықтан ата-аналармен, мектеп ұжымымен бірігіп, бітіру кештерін қарапайым, бірақ мазмұнды әрі қауіпсіз түрде өткізуге шақырдық, – деді басқарма басшысы.

Биылғы жазда облыс бойынша 1–10 сынып оқушыларының 95 пайызы – 152 мыңға жуық бала жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Мектеп жанындағы тамақпен қамтамасыз етілген 288 лагерьде 30 мың, ал мамандандырылған тамақсыз 311 алаңда 110 мыңнан астам оқушы демалады.

Сондай-ақ, Ақтоғай өңіріндегі этноауыл форматындағы киіз үй лагері өз жұмысын жалғастырады. Бес ауысымда 150 бала қабылданады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама – 2025» жобасы аясында Алматы облысындағы 970 ауыл баласы да сауықтыру орталықтарына жіберіледі.

– Жазғы демалыс – балалар үшін тек тынығу емес, дамуға, жаңа қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Біз бұл уақытты барынша пайдалы әрі мазмұнды өткізуге тырыстық. Балалар лингвистикалық, шығармашылық лагерьлерге қатысып, қосымша білім беру ұйымдары арқылы түрлі үйірмелерге тартылды. Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 5 мыңға жуық оқушы маусымдық жұмысқа орналасты, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.

Жазғы маусымның басында облыстағы барлық мектеп жанындағы лагерьлерде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз аттракцион» атты акциялар өтеді. Бұл шаралар балалардың суда шомылу, жолда жүру, табиғаттағы серуендер кезінде өзін қауіпсіз ұстауға үйретуге бағытталды. Сонымен қатар мұғалімдер алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы оқытудан өтті.

Қарағанды облысы үшін 2024–2025 оқу жылы сәтті аяқталды. Білім сапасы, түлектердің нәтижесі және жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралар – алдағы кезеңдерге берік негіз қалайды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»