Оқу-жаттығу жүргізілді
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы санитариялық –эпидемиологиялық бақылау басқармасы маймыл шешегі тіркелу кезінде емдік профилактикалық мекеме дәрігерлерінің емдік-диагностикалық және эпидемияға қарсы алдын алу шараларын жүргізуде дайындықтарын арттыру мақсатында 2024 жылдың 05 қыркүйегінде «№5 Емхана» КҚМ, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК ҚОФ және құқық қорғау органдарының қатысуымен «Маймыл шешегіне күдіктіні анықтау барысында медициналық қызметкерлер іс-әрекетінің алгоритмін меңгеру» тақырыбындағы оқу-жаттығу шараларын өткізді.
Оқу-жаттығу жұмыстарының негізгі мақсаты: Қазыбек би ауданы аумағына 2022-2026 жылдарда аса қауіпті және карантиндік жұқпалардың енуі мен таралуы оқиғасын болдырмау жөніндегі індетке қарсы санитариялық қорғау шараларының кешенді жоспарының нақты іске асуын тексеру, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, емдеу-профилактикалық ұйымдары және басқа да мүдделі қызметтердің халық арасында маймыл шешегінің таралуына қатысты індетке қарсы профилактикалық және ұйымдастыру шараларын жүргізу барысында өзара іс-қимыл әрекетін бірлесіп меңгеру.
Маймыл шешегі- сирек кездесетін вирустық зооноздық ауру (яғни, жануардан адамға жұғатын инфекция). Бұл ауру Оңтүстік-Африка елдерінде тіркелуде.
2024 жылы Қазақстан Республикасында маймыл шешегіне күдікті аурумен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ.
Инфекция көзі-жабайы жануарлар: приматтар (маймылдар) мен кеміргіштер (тиіндер).
Инфекцияның берілу жолдары:
— жабайы жануарлармен-приматтар (маймылдар) және кеміргіштермен байланыс (тиіндер);
-науқас адаммен тығыз физикалық байланыс (вирус денеге зақымдалған тері, тыныс алу жолдары, көз, мұрын және ауыз арқылы, сондай-ақ дене сұйықтықтары арқылы енеді);
— ауа-тамшы жолымен (жабық үй-жайда науқаспен болған кезде) және терінің зақымдануы немесе науқастың биологиялық сұйықтықтары бар заттармен жанасу жолы арқылы.
Инкубациялық кезең — 5-тен 21 күнге дейінгі аралық.
Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 39-40 0С дейін көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, бастың және бұлшық еттер мен арқаның ауыруымен, ал ауру одан әрі өршіген жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуымен сипатталады.
«Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармасы» РММ