Оқу бағдарламасына «Бейнелеу өнері» пәні енгізіледі
Елімізде жаңа оқу жылынан бастап 3-сынып оқушылары «Бейнелеу өнері» пәнін оқи бастайды. Осы уақытқа дейін бұл пән аптасына бір рет 1-2 сыныптарда ғана оқытылатын.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Бейнелеу өнері» пәнін мектеп бағдарламасына қайтару туралы депутаттық сауалға жауап берді. Ол 2022-2023 оқу жылынан бастап бастауыш мектепте «Көркем еңбек» пәні «Еңбек тәрбиесі» және «Бейнелеу өнері» деп екі бөлек курсқа бөлінгенін хабарлады. Бұл пәндер мемлекеттік білім стандарты мен үлгілік оқу жоспарларына сәйкес оқытылады.
«Қазіргі таңда «Бейнелеу өнері» пәні 1-2 сыныптарда аптасына бір сағат оқу жүктемесі арқылы жылына 33-34 сағат оқытылады. Алдағы 2024-2025 оқу жылында үшінші сыныпқа, 2025-2026 оқу жылында төртінші сыныпқа енгізіледі», – делінген хабарламада.
Негізгі орта білім беру деңгейінде «Көркем еңбек» пәні 5-6 сыныптарда аптасына екі сағат жүктемемен жылына 68 сағат оқытылады, оның аптасына бір сағаты «Бейнелеу өнері» бөліміне арналған.
Бұл жаңа енгізілім оқушылардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Материал edu.mcfr.kz сайтының ақпараты негізінде әзірленді