Өнерге адалдықтың жарқын жемісі

Қарағанды қаласындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің жанынан 2019 жылы құрылған «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблі аз ғана уақыт ішінде өңірдің мәдени өмірінен өзіндік орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бүгінде өнерлі ұжым Қазақстандағы вокалды-аспаптық ансамбльдер арасында алғашқылардың бірі болып «Халықтық» атағына ие болып, ел мәдениеті тарихына өз есімін жазды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің 2026 жылғы 11 маусымдағы №288-НҚ бұйрығына сәйкес «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамбліне «Халықтық» көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымы атағы берілді. Бұл – ұжымның бірнеше жылдық тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісінің заңды нәтижесі. Ансамбльдің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі – ақын, композитор Есбол Әлғожин. Ұжым алғаш құрылған кезде басты мақсат өңірдегі өнерге жақын азаматтардың басын қосып, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, музыкалық сауаттылығын арттыру және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру болатын. Бүгінде бұл мақсат толыққанды жүзеге асып, ансамбль қаладағы маңызды мәдени-көпшілік іс-шаралардың белсенді қатысушысына айналды.

– Біз сүйікті қаламыздың барлық маңызды шараларына қатысып келеміз. Ұжымымыздың есігі өнерге қызығатын барша жерлестерімізге әрдайым ашық. Музыкалық аспаптарды меңгеруге ниетті азаматтарға қажетті жағдай жасаймыз. Қазіргі таңда құрамымызға вокалист қыздар мен ақындардың қосылғанын қалаймыз, – деді ансамбль жетекшісі Есбол Әлғожин.

Ансамбль құрамында әртүрлі музыкалық аспаптарды еркін меңгерген тәжірибелі өнерпаздар бар. Олардың қатарында көзі нашар көретін талантты композитор Мұрат Алтынбеков те өнер көрсетеді. Ұжым оған шығармашылықпен еркін айналысуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

–  «Дәуір» – бір-біріне жанашыр, ұйымшыл жандардың басын қосқан ерекше ұжым. Пандемия жылдары шығармашылық жоспарларымызға шектеу қойылғанымен, өнерге деген құлшынысымыз бәсеңдеген жоқ. Бүгінде ансамбль мүшелері кез келген музыкалық аспапта еркін ойнап, өз тәжірибесін өзгелермен бөлісуде. Электронды аспаптарды меңгеру белгілі бір дайындықты қажет ететіндіктен, қатарымызға көбіне ересек жастағы өнер сүйер азаматтарды қабылдаймыз, – дейді композитор Мұрат Алтынбеков.

Ансамбльдің ажарын аша түсетін өнерпаздардың бірі – жезтаңдай әнші Наталья Своеволина. Сонымен қатар ұжым құрамындағы қарапайым еңбек адамдары өнерге деген шынайы сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. Солардың бірі – Анвар Беглов. Бұл – атақ үшін емес, өнер үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың шығармашылық ортасы. Бүгінде «Дәуір» ансамблінің репертуарында жиырмадан астам авторлық ән бар. Ұжым концерттерде өнер көрсетіп қана қоймай, түрлі челлендждерге, қайырымдылық акцияларына және мәдени-көпшілік шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Өнер ұжымы осы уақытқа дейін көптеген байқаулар мен фестивальдерде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда: А.Қоразбаевтың 75 жылдығына арналған «Думанды Меркі – өнердің көркі» облыстық фестивалінде (Жамбыл облысы, Меркі ауданы) ақшалай сертификат және алғысхатпен марапатталды, «Аккорд – 2023» облыстық бард әндері фестивалінің қатысушысы болып, «Дуэт» номинациясының дипломанты атанды, «Жезқазғанның ішекті аспаптары» республикалық бард әндері фестивалінде «Үздік ансамбль» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломға ие болды, «Жан шығармашылығы» XXV облыстық фестивалінде белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталды, «Тұғыры биік тәуелсіздік» патриоттық әндер фестивалінде белсенді өнер көрсеткені үшін диплом иеленді. «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің шығармашылық жолы – өнерге адалдықтың, еңбекқорлықтың және бірліктің жарқын үлгісі. «Халықтық» атағы – ұжым үшін үлкен мәртебе ғана емес, алдағы уақытта да ұлттық өнерді дәріптеп, жаңа белестерді бағындыруға берілген зор жауапкершілік. Ал өнерге құштар жандар үшін «Дәуірдің» есігі әрдайым ашық.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»