Өнердегі өшпес із
Қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қайрат Кемаловтың өмірден өткеніне бір жыл толуына орай Қарағандыда тағылымды шара өтті. Өнер иесі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, қазақ сахнасының саңлағына құрмет көрсетілді.
Еске алу рәсіміне марқұмның отбасы мүшелері мен туыстары, әріптестері, шәкірттері, мәдениет қайраткерлері, театр ұжымы және өнерсүйер қауым қатысты. Жиналған жұртшылық Қайрат Кемаловтың қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталып, оның өнердегі ғана емес, адамгершілік болмысындағы биік қасиеттерін де ерекше ықыласпен еске алды.
Шара барысында сөз алған азаматтар мемориалдық тақтаның ашылуы – бір адамның ғана емес, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның еңбегіне көрсетілген құрмет екенін атап өтті. Олар кейінгі ұрпақ осындай өнер саңлақтарының өмір жолынан тағылым алуы тиіс екенін жеткізді.
– Бұл – Қайраттай азаматтың халқына сіңірген еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет. Осындай игі іске атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін. Халықтың сүйікті перзентінің есімі ел жадында мәңгі сақталуы керек, – деді шараға қатысушылардың бірі.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков Қайрат Кемаловпен ұзақ жылдар бірге еңбек еткенін айтып, оның шығармашылық болмысын ерекше тебіреніспен еске алды. Оның айтуынша, Қайрат Кемалов қай рөлді сомдаса да оған үлкен жауапкершілікпен қарап, кейіпкердің ішкі әлемін терең ашуға ұмтылатын. Әріптестері үшін сенімді серік, жастар үшін ұстаз болған актер ұлттық театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның сахнадағы табиғилығы, сөз саптауы, кейіпкер мінезін дәл беру шеберлігі көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды.
– Ұлттық мәдениетіміз бен театр өнерінің дамуына Қайрат Кемаловтың қосқан үлесі зор. Ол сахнада да, өмірде де ерекше жан еді. Өзі сомдаған әрбір бейнесіне жанын салып, көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Мұндай тұлғалардың орны ешқашан толмайды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков.
Марқұмның туған-туыстары үшін бұл күн ерекше толқынысқа толы болды. Інісі Жақсыгелді Кемалов ағасының тек өнер адамы ғана емес, бүкіл әулеттің тірегі болғанын айтты. Оның сөзінше, Қайрат Кемалов үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болуды өмірлік ұстанымына айналдырған. Қандай ортада жүрсе де қарапайымдылығынан айнымай, жастарға бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып отырған. Өнердегі табыстары ешқашан оның адамдық қасиетінен жоғары тұрған емес.
– Баламен де еркін әңгімелесіп, үлкеннің де көңілін таба білетін кең жүректі азамат еді. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі оны көпшілікке жақын етті. Бүгінде халықтың оны ерекше құрметпен еске алуы – соның дәлелі, – деді Қайрат Кемаловтың інісі Жақсыгелді Кемалов.
Қайрат Кемаловтың шығармашылық жолы қазақ театр өнерімен тығыз байланысты. Ол жарты ғасырға жуық уақытын сахнаға арнап, жүзден астам күрделі әрі кесек образды көрерменге ұсынды. Оның сомдаған кейіпкерлері шынайылығымен, мінезінің тереңдігімен ерекшеленіп, ұлттық театр қорындағы үздік актерлік жұмыстардың қатарынан орын алды.
Кино өнерінде де актердің қолтаңбасы айқын қалыптасты. «Қазақ хандығы» тарихи телехикаясындағы Керей хан бейнесі арқылы ол қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған тарихи тұлғаның болмысын шебер жеткізе білді. Ал «Ақ боз үй» фильміндегі рөлі халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып, «Үздік ер адам рөлі» аталымындағы марапаттарға ие болды. Бұл жетістіктер оның кәсіби шеберлігінің халықаралық деңгейде де мойындалғанын көрсетті.
Қайрат Кемалов көзі тірісінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болып, «Парасат» орденімен марапатталды. Сонымен қатар оған Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ол өнердегі жетістіктерімен ғана емес, көптеген жас актердің қалыптасуына ықпал еткен ұстаз ретінде де есте қалды.
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында ұзақ жылдар еңбек еткен Қайрат Кемалов қазақ драматургиясының классикалық туындыларында да, заманауи қойылымдарда да жарқын бейнелер жасады. Оның сахна мәдениеті, кәсіби талғамы мен шығармашылыққа адалдығы әріптестері мен шәкірттері үшін әрдайым үлгі болды. Сондықтан өзі тұрған үйге қойылған мемориалдық тақта – бір актерге ғана емес, тұтас қазақ өнеріне қызмет еткен тарлан талантқа көрсетілген халықтың құрметі. Өнер иесінің жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы көрермен жүрегінде мәңгі сақтала бермек.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

