Өнер додасы

Қаламызда осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Кукляндия» фестивалінде Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Эстония және Ресей театрлары өнер көрсетті. Бұл өнер додасы шығармашылық байланыс орнату, театрлардың репертуарын кеңейту және көрерменге қуыршақ театрларының өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылуда. Фестивальға қатысушылардың даярлығы баспасөз мәслихатында айтылды.

Халықаралық фестиваль өтуіне орай ұйымдастырылған арнайы баспасөз мәслихатында қуыршақ театрын қалай дамыту керегі сөз болды. Өнер саласының өкілдері балаларға арналған репертуармен шектелмей, ересектер үшін де қуыршақ қойылымын сахналау керек екенін айтты. Сонда аймағымыздағы театр өнері де тың серпінмен дамымақ.

– Бұл фестиваль осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Қатысушы театр ұжымдарының қатары да жыл сайын артуда. Биыл фестивальға Қытай мен Эстония театр ұжымдары алғаш қатысып отыр, – деп атап өтті Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

«Кукляндия» фестивалі аясында төрт күн бойы қарағандылық көрермен Шымкент, Қызылорда, Қарағанды Бұқара, Гонконг және Екатеринбург театр ұжымдары әзірлеген туындыларды тамашалады. Фестивальға қатысушылардың жағрапиялық ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын айтты Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев:

– Қарағанды облысы рухани-мәдени жаңашылдықтарды дамытуда әрдайым көш басында. Қарағандыда өнер мен мәдениетке қатысты көптеген шара өткізіліп жатады. Және бұл санатта осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отырған біздің «Кукляндия» фестивалі ерекше екенін атап айтуымыз қажет.

Бұл жолы фестивальға тіпті Эстониядан келген жеке театр ұжымы да қатысты. Олар қызмет еткен 35 жыл ішінде репертуарын 89 спектакльмен толықтырған. Өнер ұжымы Ресей, Сербия және Эстония продюсерлік ұжымы бірлесе жасаған «Қызыл телпек» трагикомедиясын ұсынды. Ал Қызылорда облысынан келген өнер ұжымы бұл фестивальға «Кішкентай ханзада» ертегісін әзірлеген. Гонконг театрының өкілі – бұл жолғы фестивальдың басты қонақтарының бірі. Қуыршақтардың алуан түрін ұсынған ол Қытайдағы театр өнерінің дамуы жайлы айтты.

– Мен осынау фестивальға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Өзіммен бірге қуыршақтың үш түрін ала келдім. Біздің басты міндетіміз – көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлау, – дейді Гонконг театрының директоры Чунг Чун-Фай.

«Кукляндия» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі Қарағандының брендіне айналды. Ұйымдастырушылар жыл өткен сайын фестиваль аясында көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен бірегей қойылымдар ұсынуға тырысуда.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»