Өндірісті өлкенің өнерлі тұлғасы

Руза Алдашева ұзақ жыл металлургтер мекенінің ақпарат алаңында аянбай еңбек етті. Әлі күнге дейін бұл саладан қол үзген жоқ. Қала тұрмысы мен руханиятынан хабар берер мақалалары облыстық, республикалық ақпарат құралдарына жиі жарияланып тұрады. Апайдың тағы бір ерекше қыры – ақындығы. Сиқыры мен сыйы мол поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, өлеңдерімен оқырман жүрегін жаулай білген жан.

Апай туралы алғаш студент кезімде естіген едім. Ол кезде «Құрыш қала» газетінің беделі шарықтап, қала қазақтары іздеп жүріп оқитын басылымға айналған-тын. Мен ҚМИУ жанындағы гуманитарлық-техникалық колледжде «Металл өңдеу» мамандығы бойынша тәлім алып жүрдім. Журналист боламын деген ой жоқ. Бірақ қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттар көңілге маза бермейді. Оның ішінде қазақ тілінің сол шақтағы күрделі ахуалы, білім саласындағы келеңсіздіктер бар еді. Бұл тақырыпта біраз «шығарма» жаздық та. Алайда оны қайда жарияларымызды білмей жүргенде, ұстазым Нұрхан Нұрмаханов қалада «Құрыш қала» деген газет барын айтты. Бірден жазылып, тұрақты оқырманға айналдық. Сөйтіп, журналистика деген әлеммен танысқан едім. Жазған шимайларымды апарып редакциямен танысқым келген, әйтсе де жүрексіндім. Өйткені сол шақта менің жазғаным мақала деуге тұрмайтын, жас баланың жай шимайы ғана еді. Ел Руза апайдың бетке тіке айтып тастайтын турашыл мінезі жайлы жиі айтатын. Содан қорыққан болармыз, әйтеуір редакцияның тұсынан өткен сайын жүрегіміз дүрсілдеп, аяқ тартпай жүрді. Әрі сол шақта белсенді азаматтар тарапынан қазақтілді интернет кеңістігін дамыту, қазақша сапалы контент санын арттыру бастамасы көтерілді де, назарымызды соған бұрып кеттік. Кейін кәсіби журналист атанған шақта «Құрыш қала» газетінің жабылып қалғанын естідік. Иә, қалада қазақ аз кезеңде жұмысын бастап, қазақ көбейген шақта басылымның жабылғаны үлкен қасірет еді. Газет оқырманның аздығынан емес, түрлі ішкі келеңсіздік пен келіспеушілік салдарынан құлдыраған-ды. Тұрақты оқырман ретінде бұл жағдайдың бәрін сырттан бақылап отырдық. Өкінішті, әрине…

Қаладағы жалғыз қазақ газеті жабылған соң да Руза апай руханият әлемінен қол үзген жоқ. Отанға оралған қандастарға қолдан келгенше қолдау көрсетіп, бар білген кеңесін бөлісумен болды. Сонымен қатар Өзбекстан еліндегі қазақтардың арасынан шыққан көрнекті қайраткерлердің еңбектерін қалың қазаққа таныстырып, бірнеше жинақтың авторы, редакторы болған еді. Өз шығармашылығы да тасада қалмай, өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.

Руза Алдашева қазір құрыш қаладағы мәдениет үйінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. Өндірісті өңірдегі мәдениеттің дамуына, руханияттың ұлықталуына сіңірген еңбегі зор-ақ. Еткен еңбек ескеріліп те жатыр. Халық қошеметінен бөлек биыл мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қала әкімінің арнайы жүлдесін де иеленген.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»