Үміткер қанша қол жинауы керек?

Елімізде 20 қарашада президент сайлауы өтеді. Осыған орай сайлауға үміткер болғысы келетін азаматтар 118 мың қол жинауы керек. Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде 2/3 бөлігінің бірдей өкілі болып табылатын сайлаушылардың кемінде 1 пайызының қолын жинаумен расталуға тиіс.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың мәлімдеуінше, қол жинау үшін кандидаттың уәкілетті өкілі тұрғындармен кездесу өткізе алады. Бұл ретте уәкілетті өкілге бірқатар талап қойылмақ. Яғни олардың Қазақстан азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ сайлау комиссиясының мүшелері мен мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы азаматтарға уәкілетті өкіл болуға тыйым салынады.

– Үміткерлердің сайлау науқанында оларға көмектесетін, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін және кандидаттардың мүддесін қорғайтын сенімді өкілдері болуы мүмкін. Кандидаттар әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын мөлшерде өз қалауы бойынша сенім білдірілген адамдарды тағайындайды. Сенім білдірілген адамдар сайлау комиссиясына сенім білдірілген адам болуға келісімі туралы өтініш береді. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәлік береді, – дейді Асылбек Смағұлов.

Ол қол жинаушы адам қол жинау кезінде тиісті қол қою парағында жеке қолы қойылған кандидаттың уәкілетті өкілі куәлігінің көшірмесін көрсетуі керегін атап өтті.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстан Республикасы сайлаушылар тізіміне 11 миллион 827 мың 277 азамат енгізілген. Әрбір кандидатты қолдау үшін 118 273 сенімді қол жинау қажет. Қазақстан президенттігіне кандидаттарға қол қою парақтарын беру мерзімі екі еседен астамға, яғни бес күннен екі күнге қысқартылды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»