«Өмір тамаша болсын!»

Қарағандыда көру қабілеті зақымданған суретшілер мен фотографтар өз еңбектерін ұсынды. 13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Өмір тамаша болсын!» атты ерекше көрме ашылды.

Көрме зағип және көру қабілеті нашар жандардың шығармашылық әлеуетін паш етіп, олардың ішкі әлемінің байлығын көрсетуді мақсат етеді. Көрмеге 130-ға жуық шығарма қойылған. Олар әртүрлі техникада жасалған, оның ішінде акварель, акрил, майлы бояумен салынған картиналар, табиғи материалдардан жасалған бастырмалар, мата, қағаз, киіз басу, тігу және тоқу арқылы әзірленген бұйымдар да бар. Сондай-ақ, көрмеге зағип фотографтардың ерекше еңбектері қойылып, олардың дүниетанымын көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл көрме – Қарағандыдағы зағип және көру қабілеті нашар жандардың Мәдениет үйіндегі «Өрнек-Shimai» үйірмесінің қатысушыларының еңбектерінің жемісі. Көрмеге қойылған әрбір туынды – бір әлемді бейнелейтін ерекше шығармашылық жолдың нәтижесі.

– Зағип жандардың шексіз талантына бас иеміз. Олар өмірге деген құштарлығын өнер арқылы жеткізіп, баршаға шабыт сыйлайды, – дейді  музей басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Көрмеге қатысушылардың бірі – Нұрпатша Қалиева. Ол көру қабілетінен айырылғанына 6 жыл болса да, өзінің ерекше дарынын дамытуды жалғастырып келеді. Бұл көрмеге ол «Ұшқыш кеме» атты картинасын ұсынған. Суретші үйірмеге қатысқанына екі жыл болса да, көптеген техниканы меңгеріп, жаңа мүмкіндіктер ашқанына ризашылығын білдірді.

– Мен бұл үйірмеге екінші жыл қатысып жүрмін. Осы уақыт ішінде көптеген техниканы меңгердім, осындай мүмкіндіктерге қолдау көрсеткендерге алғыс айтамын, –дейді суретші.

Мәдениет үйінің жетекшісі Полина Угланова бұл көрменің жыл сайын Халықаралық зағиптар күні қарсаңында өткізілетінін атап өтті. Көрме қатысушылары өз шығармашылығы арқылы көрермендерге ерекше әсер қалдырып, әр туындысы арқылы маңызды ой қозғауда. Көрме тек өнерді дәріптеп қана қоймай, қоғамды инклюзияға шақырады. Бұл – өнер арқылы өзгенің әлемін түсінуге мүмкіндік беретін шара. Көрме көпшіліктің назарына ұсынылады. Барша тұрғындар ерекше туындылармен танысып, зағип жандардың шынайы дарынын тамашалай алады. «Өмір тамаша болсын!» көрмесі – зағип жандардың өмірге деген сүйіспеншілігінің, табандылығы мен шексіз шығармашылық мүмкіндіктерінің айқын дәлелі. Мұндай шаралар қоғамның рухани байлығын арттырып, ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсету арқылы баршаға шабыт сыйлайды.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                     

«QH»