Министрдің отставкасын талап етті

Әлеуметтік желі белсенділері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты отставкаға жіберуді талап етті. Бұған Жамбыл облысында үш айлық нәрестенің қан тапсырған соң қайтыс болуы себеп.

Әу баста министрдің отставкаға кетуі туралы бастаманы алматылық заңгер Анна Чернова көтерген болатын. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы тиімсіз реформалардың кесірінен халық жапа шегіп отыр.

«Біздің ұлттық қауіпсіздігімізге дәрігерлердің кесірінен қатер төніп тұр. Отставкаға кетіңіз! Сіз өз реформаларыңызбен біздің халықты соғыссыз және әлемдік пандемиясыз-ақ қырасыз. Күн сайын балаларымыз, болашағымыз, өліп жатыр! Дәрігерлердің қолынан өліп жатқан қазақстандықтарға кім көмектеседі?! Қазақстандықтардың қырылуын тоқтатыңыз!» – деп жазды заңгер әлеуметтік желілерде.

Сонымен қатар ол Жамбыл облысында шетінеген сәбидің ісін объективті түрде тергеуді талап ететінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жолы тергеу ісі созбаққа салынып, соңы сұйылып кетпеуі тиіс.

«Сіз тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту статистикасын көрдіңіз бе?! 5 жыл ішінде 83 адамның 27-сі жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жазасыз қалған. Менің ойымша, бұл – кәдімгі геноцид. Адамдар өліп жатыр және ол үшін ешкім жауап бермейді. Осыдан кейін біз өз елімізде қалай қорықпай емделеміз?! Медицинамызды ретке келтіруді тағы қанша адам өтінуі керек? Неліктен сіздер халықтың үнін естігілеріңіз келмейді?» – деді заңгер.

Заңгер өз ойын Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған болатын. Пікір қалдырушылардың басым дені заңгерді қолдап, денсаулық саласындағы олқылықтар туралы айтты.

Айта кетейік, Ажар Ғиният Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі қызметіне 2022 жылғы 11 қаңтарда тағайындалды.