Мереке қалай тойланбақ?

Қарағанды облысында Республика күніне орай қайырымдылық акциялары, челлендждер, мәдени-бұқаралық және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Тұрғындар үшін маңызды және қажетті нысандар ашылады, ал үй кезегінде тұрғандар пәтер кілтін алады.

14 қазанда «Табиғатты аялайық» жастар экологиялық акциясы басталады. Саябақтар, аулалар, гүл бақтары, орман алқаптары тазаланады. Акция Қарқаралы ауданы ұлттық табиғи парк аумағында басталады. Оны облыстың барлық қаласы мен аудандарының эковолонтерлері жалғастырады.

15 қазаннан «Бірге жақсылық жасайық» атты жалпыұлттық челлендж басталады. Ол #жақсылықтыбіргежасайық, #Республикакүні хештегтері бар мотивациялық ролик орналастыруға болатын әлеуметтік желілерде өтеді.

Этномәдени бірлестіктер де «Саған, менің республикам!» челленджін бастады. Балалар мен ересектер Отанға арналған өлеңдер оқиды, ән салады, ұлы ақындар мен ойшылдардың қазақ тіліндегі сөздерін келтіреді.

Кеншілер мәдениет сарайы 17 қазан мен 5 қараша аралығында этномәдени бірлестіктер арасында «Өнеріміз сен, Қазақстан!» патриоттық әндер челленджін өткізеді. Мұнда 3 қарашада мектеп оқушылары арасында «Қыран елім – Қазақстан» атты облыстық патриоттық ән байқауы өтеді.

15-16 қазан аралығында Республика күніне орай көкпардан «Сарыарқа» кубогы өтеді.

Сондай-ақ медициналық және спорт нысандарын, балалар алаңдарын ашу, пәтер кілттерін тапсыру жоспарлануда.

Көптен күткен пәтер кілтін Дубовкадан кезекте тұрған 9 отбасы, Приозерск қаласынан және Ғабиден Мұстафин ауылынан көпбалалы 45 отбасы алады.

Облыс бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Республика күнімен ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын құттықтаймыз.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында 22 қазанда мерекелік концерт және салтанатты жиын өтеді.

Жаңа Майқұдық, Молодежный және Теміржолшылар мәдениет үйлерінде 25 қазанда «Менің Қазақстаным» концерттік бағдарламасы өтеді.

Республика күні облыс тұрғындары «Қыран елім – Қазақстаным» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында еліміздің әнұранын орындайды. Қарағандыда әнұран тутұғырдың жанындағы алаңда шырқалады.