Менингиттің алдын алу

Менингококк инфекциясы – бактериялармен қоздырылатын жіті инфекциялық ауру. Симптомсыз тасымалдау, назофарингит (мұрын және жұтқыншақтың қабынуы), менингит (ми қабықтарының қабынуы) және менингококк сепсисі (қанның зақымдануы) түрлі клиникалық көріністерімен білінеді.

Ауру адамдар мен сау тасымалдаушылар инфекция көзі болады, яғни клиникалық көріністері жоқ, бірақ олар менингококк тасымалдаушылары болады. Инфекция ауа-тамшылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) жол арқылы беріледі.

Менингококк инфекциясымен сырқаттану қыста және ерте көктемде жиі байқалады. Инфекция қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақсыз. Микроб дені сау адамның ағзасына науқас немесе тасымалдаушымен ұзақ және тығыз қарым-қатынаста болғанда жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы енеді. Жұқтырып алған кезден бастап аурудың басталуына дейін бір күннен он күнге дейін өтеді. Науқас алғашқы күннен бастап айналасындағыларға жұқтырады.

Менингиттің басталу белгілері: күтпеген жерден бас катты ауырады, құсу, 6-15 сағаттан кейін дененің бөртуі, температураның 39-40°С дейін көтерілуі, қалтырау пайда болады. Тері бозғылттанып, жалпы әлсіздік байқалады, арқа және аяқ-қол ауырады. Науқас шөлдейді, тәбеті төмендейді. Бұл ауру жеңіл өтуі де мүмкін екенін атап өту қажет, сондықтан тұмау, ангина, тонзиллит және т.б. ауруларды қоздырады. Ағзаның қорғаныс күші әлсіреген кезде, қатты тоңу, шаршау, қажу пайда болып, менингококк мидың қабатына еніп, қабынуды қоздырады.

Алдын алу шаралары. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, талаураған құбылыстармен (тамақ қызарып, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) дәрігерге көріну қажет, оның барлық ұсынысын орындау керек.

Түрлі мәдени-бұқаралық іс-шараларға, жүзу бассейндері, сауда-ойын-сауық орталықтарына баруды шектеу, жеке гигиенаны сақтау қажет.

Ғимараттарды жиі желдетіп, ұйымдасқан ұжымдарда ылғалды жуып-жинау жүргізу керек.

Созылмалы инфекция ошақтарына санация жүргізу маңызды. Балаларда бұл жиі тыныс алу органдарына қатысты, сондықтан балаларды мүмкіндігінше аурудың алдын алу мақсатында оториноларингологтерге тұрақты түрде апарып отырған дұрыс.

Тек қайнаған суды немесе бөтелкедегі суды ішу қажет.

Қатты тоңу, ашығу, ұйқының бұзылуы, күйзеліске түсуден және т.б. жағымсыз әсерлерден бойды аулақ ұстаған жөн.

Әрқашан ауруды емдегеннен оның алдын алу жеңіл екенін есте сақтау қажет!

Бодауов А.Ш.,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының

Эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің бас маманы