Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктерін іске асыру бағытындағы жұмыстар
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды және өзекті бағыттарының бірі болып табылады.
Бұл ретте, азаматтармен қатар мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қорғау, олардың бұзылуы анықталған жағдайда қалпына келтіру Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің басым міндеттерінің қатарына кіреді.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру барысында Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментімен мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау шеңберінде бірқатар талдау және тексеру іс-шаралары жүргізілді.
Атап айтқанда, 2025 жылы еңбек демалысын уақтылы бермеу фактілері бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде Департаменттің араласуымен 146 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға тиесілі өсімпұл төлемдері төленді.
2023 жылдан бастап уәкілетті органға мемлекеттік органдарға бару, қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері арқылы мониторинг жүргізу функциясы берілген.
Жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылау нәтижесінде 2025 жылдың 12 айында 180 мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысқа тартылғаны анықталды. Тиісті шаралар қабылданып, оларға қосымша тынығу сағаттары берілді. Бұл бағыттағы бақылау мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі болып отыр.
Мұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өңірдегі мемлекеттік органдар арасында тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін қызметтік міндеттерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірде 29 мемлекеттік қызметші осы режимді пайдаланып отыр. Икемді жұмыс уақытының енгізілуі қызмет тиімділігін арттыруға және қызметшілердің еңбек жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде.
Бұдан бөлек, тәртіптік жазаларды қолдану тәртібінің бұзылуына қатысты деректер де анықталды.Нәтижесінде жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша 4 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, Департаментке азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарау және жоспардан тыс тексерулер жүргізу нәтижесінде де құқық бұзушылықтардың жолы кесілуде.
Көп жағдайда тексерулерге негіз болатын жайт – әдеп нормаларының бұзылуы, мемлекеттік органдарда өткізілген бос лауазымдарға орналасу конкурстары, сыйақы тағайындау кезінде орын алған бұзушылықтар және т.б. тақырыптардағы азаматтардың шағымдары болып табылады.
Жүргізілген профилактикалық және жоспардан тыс бақылау шараларының нәтижесінде 10 азаматтың және 5 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан бұл жұмыстар мемлекеттік қызмет жүйесіндегі заңдылықты нығайтуға, қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, сондай-ақ, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Д.Абдрахманов,
МҚІА Қарағанды облысы бойынша
департаменті басшысының орынбасары

