Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бюрократияны зерттеу және оған қарсы тетіктер қолдану орталығына айналады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктеліп отырған тағы бір мәселе – барлық әкімшілік рәсімдерге талдау жасап, әр жарты жыл сайын нәтижесін, яғни бюрократия көріністерін алдын алу бойынша нақты ұсыныстар беріп тұру. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев хабарлады.

Бұл да өте өзекті мәселе. Соңғы үш жылдың өзінде азаматтарға қызмет көрсетуден
4 мыңнан астам негізсіз бас тарту фактілері анықталып отыр. Сондай-ақ, азаматтар шағым айтпай, бізге белгісіз фактілердің жеткілікті екені анық. Бұдан бөлек, 16 мыңға жуық қызмет алуға келген азаматтың өтініштерін негізсіз уақытын созып, әуре-сарсаңға салған фактілер де болған. Артық, заңда көрсетілмеген құжат сұратып, қолдан кедергі жасап келген жағдайлардың саны үш жылда шамамен 130 мыңға жетті. Осылардың барлығына себеп болып отырған – ол бюрократия.