Мемлекеттік тілді менсінбеу ме, әлде талап кемшіндеу ме?

Кезінде Ғабит Мүсірепов айтқан екен: «Кейбір ғалымдардың бастары толған ми. Милары толған ақыл.Әттең, сол ақылды айта алар тіл жоқ» -деп.Сол сияқты біздің қайсыбір шенділердің де бастары толған орыс әріптері ме дерсің.Әйтпесе, Тәуелсіздік алған 30 жылда тілге тәу етпеу, тұтас бір ұлтқа құрмет етпеумен тең емес пе? Ендеше ұлттың тілін түсінбеген адам, қалайша ол ұлтқа адал қызмет етпек?
Қазағы қалың қоныстанған Қарағанды аймағында мемлекеттік тілде қызмет көрсету көңіл толтырмайды.Нақтырақ айтқанда «Тір туралы Заң» қойған талап орындалмайды. Заңды белшеден басып отырғандар қарапайым халық емес, керісінше сол халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметтегілер.Кенді өлкедегі тілдік кемістікті көру үшін шенділерді іздеп шаршаудың қажеті жоқ.Теледидардан күнделікті жаңалықтарды қарасаңыз жеткілікті. Әкімшіліктерде болған жиын, алқалы отырыстардың басым бөлігі аудармамен жүреді.Онда да кімді аударып жүр дейсіз ғой.Қазақты қазақшаға аударып сөйлетіп жүрміз.
Тілден болған теперішті барынша сезінетіндердің басым бөлігі журналистер қауымы.Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір солар болғандықтан, барлық ауыртпалықта соларға түсері анық.Мемлекеттік тілге келгенде бүйрегі бүлк етпейтін биліктегілерден мемлекеттік тілге бет бұруды сұрағалы қашан. Қазақ тілді БАҚ өкілдерінің бұл тұрғыда бағы жанбай-ақ тұр, – деген тіл жанашыры Жаңабек Нардың тілдік талапқа келгенде тауы шағылған.

— «Қарағандыда мемлекеттік тілді үйренгісі де келмейтін, қазақ тілінде жауап беруге құлықсыз мекеме басшылары, шенділер жетіп артылады. Облыс әкімдігінде де, қала әкімдігінде де жиындар көбіне орыс тілінде өтеді. Арасында бірді-екілі жиындар мен бірді-екілі азаматты санамағанда, мемлекеттік тілде баяндама жасайтындары сирек. Біз қанша жылдан бері айтып та, жазып келеміз. Мыңқ еткен шендіні көрмедік. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтті, содан беріде ауызекі тілде сайрап кетпесе де, ресми сөздерді жаттап, тілді үйренуге болар еді ғой.Оған қоса, журналистер сала мамандарындай терминдерді, кейбір атауларды нақты біле бермейді. Оның нақты қазақша атауын айтатын маман жоқ. Сондықтан қателер де кетіп жатады. Қазақ тілді журналистиканың кенже қалуына қазақ тілді ақпараттың тиісті межеде тарамауы, оған басшылардың мән бермеуі де басты себеп»,-дейді.

Тілдің сойылын соғады деген мақсатта әкімдік жанындағы жұмыс топтары, түрлі комиссиялар құрылған.Алайда одан да нәтиже шамалы.Мемлекеттік тілді қағажу қалдыру заңмен қорғалған тілдің құқын аяқасты етумен тең. Әкімшілікте өтетін аппараттық жиындарда баяндамалардың көбіне бір тілде болуы осының дәлелі.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекетік тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» делінген.
Дәл осы заңның 8-бабында «Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген.Сонда заңды шығаратындар кімдер, ол қойған талапты орындамайтын кімдер? Саралай беріңіз.
Облыста тіл саясатын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңын және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Осыған байланысты, облыста мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында 2013 жылдан бастап «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу жұмыстарымен 23 мыңнан астам адам қамтылған.Енді сол тестілеуден өткендердің тілді меңгеру деңгейлерін пайызға шағып сараласақ, тест тапсырғандардың 69,2% — мемлекеттік тілді орта деңгейде, 26,3% — ортадан жоғары деңгейде, 4,5% — жоғары деңгейде білетінін көрсетті. Қазтест жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен болып анықталғандар оқыту курстарымен қамтылады.
Облыста мемлекеттік тілді оқыту курстарына қамту мекемелерге (басқармалар, департаменттер және т.б.) хат жолдап, сонымен қатар әлеуметтік желілерге хабарландыру беру арқылы жүзеге асырылады. Тіл оқыту курстарының топтарына жеке тұлғалар өз өтініштері арқылы қамтылса, мемлекеттік қызметшілер, халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері мекеме басшысының атынан жолданған хат негізінде қамтылады.
Облыста мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары 6 оқыту орталықтары (1-жекеменшік) мен оқыту курстары негізінде ұйымдастырылған. 2018-2019 жж. оқыту процесінде жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылып, 120 адам мемлекеттік тілге Skype бағдарламасы негізінде қашықтықтан оқып үйретілді. Осы тәжірибенің арқасында өңірде пандемияға қатысты төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты тіл оқыту курстары онлайн режимге ауыстырылған.
Байқасаңыз тілді білуге талпынған жанға бар жағдай жасалған. Қашықтықтан отырып болса да мемлекеттік тілді меңгеруге болады екен.Ал жағдай жасалса, неге нәтиже жоқ? Иә, талап осал, иә, құлық нашар.
Тілдерді дамыту басқармасы берген мәліметке жүгінсек тіл оқыту курстарының нәтижесі – мемлекеттік қызметшілердің іс-қағаздарды қазақ тілінде өздігінен жүргізе алуы болып табылады екен.Ал іс-қағаздарды жүргізген сол мемлекеттік қызметшілер оқыту курстарынан озық шықса, неге мемлекеттік тілде сөйлемейді? Әлде тілді меңгеру тек іс –қағаздар жазу шеңберінде қалған ба?
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында еңбектеніп жүрген тіл жанашырларымен таяуда облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов онлайн режимде жүздесті.Өткір пікірлер айтылып, табанды талаптар қойылды.Бұқар жырау ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдар Оспанов орынды ұсыныс айтты.

— Түрлі тексеріс рейдтерде 21 баптың орындалмауы неге ескертумен шектеледі? Өзге заңдарды орындамағанда оған қатысты жаза бар, айыппұл бар.Тілге келгенде неге заң солқылдақ? Осы тұста тілге шекесінен қарайтындарға қатысты жоғарыдағыларға , парламентке ұсыныс айтуға болмай ма?- деді.

Бұл орайда Абзал Нүкенов парламентте бұл мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Мемлекеттік мекемелердегі тіл мәселесі қатты алаңдатады.Көп жерде орыс тілінің басымдылығы көзге ұрып тұр» деген тіл жанашыры Эльмира Сайлауқызы сауатсыз жарнамалардан көз сүрінентінін айтты.Бұл орайда әрине басқарма барынша жұмыс жасап бағуда.Бірақ тіл тағдыры әлі де алаңдатарлық халде.Әйтпесе Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Экономика басқармасының басшысы, Қазыбек би ауданының әкімі,Медицина басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі облыс әкімінің кеңесшісі қазақ тілінде сайрап отырар еді ғой. Айтпақшы, бір аудан басшысы осыған дейінгі бір сында «Алты ай уақыт берсеңіздер, мен мемлекеттік тілді меңгеремін» деп уәде де берген.Бірақ тілді меңгеруде уәдеден гөрі, ниеттің дұрыс болғаны керек.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ