Мемлекеттік грантқа өтінім қабылдау басталды
Еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті талапкерлер үшін маңызды кезең басталды. 13 шілдеден бастап мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау жүріп жатыр. Өтінімдер 20 шілде күні сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Осы уақыт ішінде талапкерлер өздерінің білім беру бағдарламаларын таңдап, грант конкурсына қатысуға өтініш бере алады.
Биыл құжат тапсыру үдерісі бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Талапкерлер өтінімді eGov.kz порталы немесе жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн жолдай алады. Сонымен қатар құжаттарды қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігі де сақталған.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 90 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде 75 мың грант бакалавриат бағдарламаларына арналған. Гранттардың басым бөлігі инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы бағыттарына қарастырылған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Қалыбекқызының айтуынша, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарға басымдық берілген.
– Гранттардың негізгі бөлігі инженерлік, IT және аграрлық бағыттарға бөлінді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысты. Сондықтан мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысушылар саны жоғары болады деп күтілуде, – деді министрлік өкілі.
Құжат қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ еліміз бойынша 15 мыңға жуық талапкер мемлекеттік грант конкурсына өтінім берген. Бұған дейін eGov.kz порталында жүктеменің артуы мүмкін екені ескертілген болатын. Алайда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары электрондық жүйенің қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Биыл электрондық қызметке бірқатар жаңашылдық енгізілді. Енді жүйе талапкердің конкурстан тыс грант иегері мәртебесін автоматты түрде тексереді. Сондай-ақ пайдаланушылар саны көбейген жағдайда виртуалды кезек қызметі іске қосылып, азаматтарға кезегі жақындағанда SMS-хабарлама жіберіледі.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Электрондық үкімет департаментінің талдаушысы Айнаш Ибраеваның айтуынша, электрондық үкімет порталында техникалық мүмкіндіктер айтарлықтай күшейтілген.
– Биыл жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін қосымша ресурстар бөлінді. Соның нәтижесінде қызмет ешқандай іркіліссіз көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін виртуалды кезек қызметі іске қосылды, – деді ол.
Биыл педагогикалық ғылымдар мен құқық мамандықтарына түсу үшін ең төменгі шекті балл – 75, денсаулық сақтау бағыттарына – 70, ұлттық жоғары оқу орындарына – 65, ал басқа жоғары оқу орындарына 50 балл болып белгіленген.
Мамандар талапкерлерге құжат тапсыруды соңғы күнге қалдырмай, өтінімдерді алдын ала рәсімдеуге кеңес береді. Бұл техникалық тәуекелдердің алдын алып, грант конкурсына толыққанды қатысуға мүмкіндік береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

