Мемлекет қолдауының жаңа форматы
Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету тәртібі мен оның мәні жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының мамандары тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың шарттары мен мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіріп келеді. Осы тақырыпқа байланысты Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының АӘК көрсету бөлімінің басшысы Жансұлу Дауылбаева атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты мен тағайындалу тәртібіне тоқталды.
Атаулы әлеуметтік көмек – өмірлік қиын жағдайға тап болған, табысы төмен азаматтар мен отбасыларға мемлекет тарапынан уақытша көрсетілетін қаржылай қолдау. Бұл көмектің басты мақсаты – адамды немесе отбасын белгілі бір уақыт аралығында қолдап, олардың материалдық жағдайы тұрақтанғанға дейін әлеуметтік қорғаныс қамтамасыз ету.
– Бұл жүйе тек қаржылай көмек берумен шектелмей, азаматтарды еңбекке тарту және әлеуметтік бейімдеу шараларымен де қатар жүреді. Атаулы әлеуметтік көмек – қиын жағдайға тап болған отбасыға берілетін уақытша қолдау, оның негізгі мақсаты – адамдарды ұзақ мерзімді тәуелділікке емес, қайтадан тұрақты өмірге бейімдеу, – дейді бөлім басшысы Жансұлу Дауылбаева.
АӘК тағайындау тәртібі отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда жүзеге асырылады. 2026 жылдың II тоқсаны бойынша бұл көрсеткіш бір адамға 47 593 теңгені құрайды, ал медиандық табыс деңгейі 153 982 теңге деп белгіленген. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қолдау саясатын нақты экономикалық есептерге сүйене отырып жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандар кедейлік шегі мен медиандық табыс ұғымдарының айырмашылығын түсіндірудің маңызды екенін атап өтеді, себебі бұл азаматтардың жүйені дұрыс түсінуіне әсер етеді.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар өтініш бере алады. Өтініш беру жолдары да барынша қолжетімді етілген: eGov порталы арқылы онлайн түрде, тұрғылықты жердегі Мансап орталығына тікелей бару арқылы, ауылдық жерлерде әкімдік арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Өтініш қабылдау кезінде жеке куәлік, электрондық цифрлық қолтаңба, банк шотының деректері және отбасы мүшелерінің ЖСН-дері талап етіледі.
– АӘК екі түрге бөлінеді: шартты және шартсыз ақшалай көмек. Шартты көмек еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға тағайындалады, бұл жағдайда отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Ал шартсыз көмек белгілі бір объективті себептермен жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға беріледі. Олардың қатарында 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырғандар, I және II топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаға күтім жасайтын ата-аналар және ұзақ мерзімді ем қабылдап жүрген адамдар бар. Егер азаматтың жұмыс істеуге объективті мүмкіндігі болмаса, мемлекет тарапынан ешқандай шарт қойылмайтын қолдау түрі қарастырылған, – деп нақтылады маман.
Көмек тағайындау кезінде отбасының барлық табыстары есепке алынады. Оған жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, алимент, жеке шаруашылық табысы, кәсіпкерлік кіріс, мүлікті жалға беруден немесе сатудан түскен қаражат, ақша аударымдары мен өзге де кірістер кіреді. Дегенмен кейбір әлеуметтік төлемдер, соның ішінде студент шәкіртақысы мен балаларға берілетін кейбір жәрдемақылар есепке алынбайды. Өтініш беру кезінде ең маңыздысы – барлық табыс көзін ашық әрі нақты көрсету, себебі есептеу соған тікелей байланысты.
АӘК мөлшері әр отбасыға жеке есептеледі және отбасы мүшелерінің саны, жалпы табысы мен кедейлік шегі негізге алынады. Өтініш тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралып, шешім қабылданады. Әлеуметтік сала мамандарының айтуынша, бұл жүйе қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және қиын жағдайға тап болған азаматтарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған маңызды тетік болып отыр. Осылайша мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек тек қаржылай қолдау ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

