Мектепке даярлыққа берілетін көмек көлемі артты

Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайтылды. Биыл «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында бір оқушыға берілетін ең төменгі көмек мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары.

Аталған қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған жанұялардың мектеп жасындағы балаларына көрсетіледі. Биыл республика бойынша бұл көмекті 450 мыңға жуық оқушы алады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, төлем мөлшерінің артуына мектеп формасы мен аяқ киім бағасының қымбаттауы себеп болған.

– Мектеп формасы мен аяқ киім бағасының өсуіне байланысты көмек көлемі қайта қаралды. Әрине, бұл барлық шығынды толық өтемейді, дегенмен ата-аналарға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Қаражат отбасылардың есепшотына аударылады, ал ата-аналар оны баланың қажеттілігіне қарай өздері жұмсайды. Бұл тек мектеп формасына ғана емес, оқу жылына қажет кез келген киім-кешекке пайдаланылуы мүмкін, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекеттік бақылау басқармасының бас сарапшысы Ақмарал Ерғазы.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, қаражат игерілгеннен кейін ата-аналар 10 күн ішінде сатып алынған тауарларды растайтын чектерді білім беру ұйымына тапсырады.

Соған қарамастан, мектепке дайындық шығындары көптеген отбасы үшін әлі де қомақты болып отыр. Қарағандылық ата-аналардың айтуынша, бір баланы жаңа оқу жылына дайындауға кететін қаражат жыл сайын артып келеді.

– Қызымның мектеп формасына шамамен 200 мың теңге, ал ұлымның формасына 150 мың теңге жұмсадық. Бұл – тек пиджак, шалбар мен жейденің бағасы, – дейді қала тұрғыны.

Тағы бір ата-ананың айтуынша, ең қарапайым қажетті заттардың өзіне қомақты қаржы қажет.

– Кем дегенде бірнеше жейде, шалбар, аяқ киім, спорттық киім алу керек. Ең үнемдеп есептегеннің өзінде 70 мың теңгеден төмен шығару қиын, – дейді тұрғын.

Ал көпбалалы отбасының өкілі:

– Қазір бір баланы мектепке 100 мың теңгеге дайындаудың өзі оңай емес, – деп пікір білдірді.

Саудагерлердің айтуынша, мектепке қажетті тауарлардың кейбірінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Мәселен, мектеп сөмкелері 5–12 мың теңге аралығында сатылса, жейделердің бағасы 3 мыңнан 12 мың теңгеге дейін барады. Спорттық киімдер 7-22 мың теңге, ал кеңсе тауарларының жиынтығы орта есеппен 15 мың теңгені құрайды. Үштік мектеп формасының бағасы 20 мың теңгеден басталады.

Мамандардың мәліметінше, мектеп тауарларының бағасы жыл сайын орта есеппен 10-14 пайызға өсіп келеді. Сондықтан мемлекет ұсынатын қаржылай қолдау әлеуметтік осал отбасылар үшін жаңа оқу жылына дайындық кезінде маңызды көмек болып қала береді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»