Мектеп шатыры құлады

Қарағанды қаласындағы №50 орта мектепте оқыс оқиға орын алды. Білім ошағының шатыры құлап, спортзалды басып қалған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді.

Мектеп 1962 жылы пайдалануға берілген екен. Тозығы жеткен ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстары маусым айының соңында басталған. Спортзал іші сырланып, әктелген және шатырын жөндеу басталған. Ал 8 шілде күні ғимараттың төбесін жауып тұрған плиталар опырылып ортасына түсті. Оқиға орнына қала әкімі, Білім басқармасы және Білім бөлімінің басшылары мен Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері барды.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Енді спортзал ішінде жөндеу жұмыстары қайта жүргізілмек. Ал Қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, мектеп ғимаратына ешқандай залал келмеген. Яғни қабырғалардың деформациясы, іргетастың шөгуі тәрізді апат белгілері жоқ. Сондықтан жаңа оқу жылында мұндай жағдай қайталанбауы тиіс.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА