Мектеп асханасы тексерілді
Қалалық білім бөлімі №65 орта мектеп асханасына бракераж комиссия мүшелерімен тексеріс өткізді. Ведомствоаралық комиссия өкілдері оқушылардың қалай тамақтанатынын көрді.
«Мектептегі түскі ас дәмді ғана емес, құнары мол, ағзаға пайдалы болуы керек» дейді комиссия мүшелері. Мектеп асханаларының мәзірінен ысталған түрлі аспен бірге фаст-фудтар мен консервіленген азықтар толықтай алынған. Кондитерлік өнімдер, кофе, тәтті сусындар, құрамында дәмдеуіштер мен бояулары бар тағамдар да болмауы тиіс.
Көп жыл бойы жөндеу көрмеген асхананың күрделі жөндеуден кейін санитарлық жағдайы жақсарып, жаңа жабдықтарға тапсырыс берілген. Әлі де жасалатын жұмыстар бойынша ақпарат беріледі.
– Балалар ас мәзіріндегі ыстық тамақпен толық қамтылған. Комиссия тарапынан ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Сертификаттар сәйкестігі қаралды. Тамақтану уақытында төменгі сынып оқушыларының асты ұнатып жегендері қуантты. Жалпы, баланың дұрыс тамақтануына жағдай жасалған, – деп хабарлады Білім бөлімі.