Медицина мамандарының еңбек жолы цифрландырылмақ
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбек жолын толық цифрландыру жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі кадрларды есепке алу жүйесіне өзгерістер әзірлеп, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби жолын бірыңғай цифрлық платформада жүргізуді көздеуде.
Жаңа жүйе бойынша медицина маманының колледжге немесе жоғары оқу орнына түскен сәтінен бастап жұмысқа орналасуы, біліктілігін арттыруы, қайта даярлаудан өтуі және мансаптық өсуінің барлық кезеңі электронды түрде тіркеледі.
Министрлік мәліметінше, бұл жаңашылдық әрбір маманның кәсіби дамуын тиімді бақылауға, кадрлық саясатты жетілдіруге және денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығын нақты бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қай өңірге қанша дәрігер қажет екені анықталып, жас мамандарды тиімді орналастыру жұмысы жеңілдейді.
Ведомствоның пікірінше, цифрлық жүйе медициналық ұйымдарды қажетті кадрлармен жедел қамтамасыз етуге ықпал етіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға негіз болады. Жаңа тетік денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын ашық әрі заманауи деңгейге көтеруге бағытталған.

