Медиация – татулық тірегі

Достық үйінде Медиация күні қарсаңында «Қазақстанда медиацияны дамытудың өзекті мәселелері. Этномедиация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Күн тәртібінде аймақта қоғамдағы өзара келісім мен ынтымақты нығайту барысында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, маңызды мәселелер талқыға салынды.

Шыны керек, қазақ халқы үшін медиация – таңсық дүние емес. Сонау ерте дәуірден бері-ақ билер институты қалыптасып, ел арасындағы тентекті тыйып, даулы мәселені оңтайлы шешіп отырған-ды. Тарихқа көз салсақ, беріге дейін қазақ даласында «абақты» деген ұғым атымен болмаған екен. Қандай дау, қылмыс болса да қара қылды қақ жарған бидің әділ сөзімен, халықтың ортақ келісімімен шешіліп отырған. Одан қалса, әулеттің үлкені, елге сыйлы ақсақалдың ақылы да тентекке тоқтау салып, қаулағалы тұрған араздықтың аяғына қыл тұсау болып келген-ді. Енді ұлтымыздың қанында бар осы бір ғұрып қайта жаңғырды. Билік медиация институтына көңіл бөліп, оның дамуына мүдделі. Өйткені азаматтық даулардың сотқа дейін бармай, өзара келісіммен шешілгені тиімді. Мұның қоғамдағы татулық пен келісімнің сақталып қалуына да айтарлықтай себеп болары анық.

– Кеңесте жақсы ойлар айтылып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Аманат» партиясы арасындағы екіжақты меморандумның арқасында көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі – елдегі медиацияны дамыту. Елдегі барлық ұйымның, партиялардың көздегені – жалғыз дүние: елдің келешегі, жарқын болашағы үшін еңбек ету. Бүгінде медиация тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақта «елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген тамаша сөз бар. Егер біз елдестіру жолында ата-бабадан келе жатқан ұлы қасиеттерге, дала даналығына сүйенетін болсақ, көптеген мәселе оңтайлы шешім табар еді, – дейді «Аманат» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков.

Айта кету керек, қазіргі таңда аймағымызда екі жүзден астам медиатор жұмыс істеуде. Олар отбасылық, қоғамдық дауларға араласып, азаматтарды татуластыруға күш салып келеді. Сондай-ақ Достық үйінде ашылған медиация кабинетінде кәсіби медиатор мамандар көмек сұрап келген азаматтарға тегін кеңес көрсетуде. Сондай-ақ этномедиацияға байланысты әдістемелік құралдар шығару ісі де қолға алынған.