Математика пәнінің мазмұны жаңартылады

Өткен аптада Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Мектептегі математикалық білім беру: жағдайы, проблемалары, ұсыныстар» тақырыбында отандық математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезі ұйымдастырылған болатын. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан ұйымдастырылған бұл басқосуға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еліміздің барлық өңірінен келген педагогтер, жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құралған үш жүзден астам делагат қатысты.

— Биыл Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық білім мен ғылымды ілгерілету аясында техникалық бағыттарды дамыту үшін ел Үкіметі мен салалық министрлікке арнайы тапсырма бергенін білесіздер. Яғни техникалық мамандар үшін, ең алдымен, математика пәнінің мектепте оқытылуы және пән мұғалімдерінің дайындалуын бөлек қарауымыз керек. Сондықтан осы тұрғыда біз республиканың барлық аймағындағы үздік ұстаздардың басын Қарағанды қаласындағы беделді университетке жинап, математиа пәні мұғалімдерінің тұңғыш басқосуын ұйымдастырудамыз. Алқалы жиынымыздың ең басты тақырыбы — математика пәнінің мазмұны. Қандай маңызды мәселелер бар және қандай жаңа шаралар қажет, пәнді оқыту барысында қандай өзгешеліктер керек деген сауалдардың барлығын талқыға салу — басты міндетіміз, — деді еліміздің бас педагогі Асхат Қанатұлы. — Бүгінгі съездің қорытындысында нақты шешімдер қабылдаймыз. Математика пәнін оқыту барысында тиімділігін арттыру үшін сыныптарды екіге бөлу қажеттілігі бұрын ұйымдастырылған түрлі басқосуда жиі талқыланып жүрген болатын.

Білім министрі қазіргі кезде университеттерде математика пәні мұғалімдерін қалай дайындап жатыр, диплом алып шығатын жас мамандар мен білім бағдарламаларының сапасы қандай, өзгерістер енгізу барысында қандай жаңа тәсілдермен толықтырулар жасаған жөн деген орынды сауалдарға дұрыс жауап табу өзектілігін айтты. Осы кезде мектепте беріліп жатқан математика пәнінің мазмұны мен бағдарламасына да айтылатын сын-пікір аз емес.

— Айтылған әңгімелердің арасында келісетін ұсыныстар бар. Жалпы алғанда, бұл пән әрбір оқушыға қызықты және сабақтастықта болғаны дұрыс. Ең бастысы, мазмұны түсінікті болғанын қалаймыз. Егер математика пәні ұғынықты болса, демек, қызықты деген сөз. Қызықты математика оқушының ынтасы мен ойлау қабілетін арттырып, жеке тұлға ретінде дамуына пайдалы әсерін тигізері анық, — деп атап өтті Аймағамбетов.

Математик мұғалімдер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, әдіскерлер мен ғалымдар жиналған іргелі іс-шара аясында төрт секциялық алаң мен пленарлық отырыс ұйымдастырылса, спикерлер арасында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қызметкерлері, республиканың жетекші педагогтері, коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлері болды.

Пленарлық отырыс барысында мектептің математикалық білімі және болашақ математика мұғалімдерінің арнайы әдістемелік дайындығы туралы баяндаманы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Әбілқасымова Алма Есімбекқызы таныстырды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика- математика ғылымдарының докторы, профессор Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы сыни ойлаудың маңыздылығы туралы баяндады.

— Менің үш ұсынысым бар. Біздің бала кезімізде республиканың барлық аумағына тарайтын көп оқылымды «Білім және еңбек» аталатын ғылыми- көпшілік журнал болған еді. Қазіргі кезде дәл осындай бірде-бір басылым жоқ. Егер жас ұрпақтың ғылыми ізденістерін мемлекет тарапынан қолдаймыз десек, осы жуналды қайта жандандыруымыз қажет. Бұл — бір. Екіншіден, мектеп оқушыларының қосымша білімі үшін ғылыми- көпшілік әдебиет жазылуы қажет. Ол үшін ғылыми жоба сияқты грант жариялануы тиіс. Жалпы, математика пәнін жіктеген кезде тоқсан тоғызға бөлінеді. Бірақ, мектепті айтпағанда, жоғары оқу орындарының өзінде көптеген сала бойынша оқулықтар әлі жоқ. Сондықтан осы бағыттарда кәсіби мамандардың оқулық жазуына грант жарияланып, сабақ беретін оқытушылардың сағатына қосылуы керек. Бұл бізді кім көрінгеннің көшірме оқулық жазуынан қорғайды. Үшінші айтарым — осы, — деді қазақтың қазіргі кездегі көрнекті математик ғалымы Асқар Серқұлұлы. — Бүгінгі таңда өтіп жатқан математиктердің съезі өте маңызды ісшара деп санаймын. Математика пәнін оқытудың өзекті мәселелері талқыланып жатыр. Айтып өтетін болсақ, әсіресе математика мен геометрия пәндерін оқытудағы айырмашылықтар, сағат санының кемдігі, жаңартылған оқыту бағдарламасына кіріктірілуі, міне, осындай өзекті мәселелер талқылануда.

«Талқылау кезіндегі трибунаның ашық болғаны қуантады», — деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика және математикалық модельдеу кафедрасының меңгерушісі, физика- математика ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәулен Бердышев.

— Республикамыздың барлық облысынан келген математика пәнінің оқытушылары математика пәнінің бағдарламасы туралы, оқулықтар туралы, жалпы алғанда, математика пәнін оқытудағы проблемалар бойынша өз ойларын ашық айта алып жатыр. Осындай талқылаулардың нәтижесінде көптеген ұсыныс әзірленуде. Бұл ұсыныстар келешекте математика пәнін оқытуда үлкен жетістіктерге алып келеді деп ойлаймын. Жалпы алғанда, қарапайым мектептегі математика пәні мұғалімдерінің негізгі қандай қиыншылықтары бар екені бұл жерде ашық және жария түрде талқылануда. Съездің ең негізгі жетістігі осы деп ойлаймын.

Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми- әдістемелік орталығының әдіскері Қадырова Салтанаттың айтуынша, жас ұрпаққа білім беруде мектепте оқытылатын әрбір пәннің өзіндік орны бар.

— Соңғы жылдары әлем жұртшылығын шарпыған жұқпалы пандемия білім саласын жаңа біліктер мен тың тәсілдерге бастады. Мұның отандық білім беру жүйесі үшін де үлкен сын болғаны белгілі. Осындай сын сағатта өзекті мәселелерді бірлесе шешу мақсатымен салалық ведомство жетекшісінің қолдауымен пән мұғалімдерінің съезі жалғасын тауып, кезек математик ұстаздардың мінберіне беріліп отыр. Десе де, аталған қиындықтарға қарамастан дер кезінде қолға алынған бастамаға зор ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінгі пікір алмасу еліміздегі математика білімін түбегейлі жаңғыртуға негіз болары ақиқат. «Білім алу — батылдық, оны толықтыру — даналық, ал ше бер қолдана білу — шеберлік» деген нақыл сөзді қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов текке айтпаса керек. Алаш арысының осы парасатты пайымын барша әріптес айқын бағыт пен бағдар ретінде ұстануымыз қажет, — деді бірнеше маңызды ұсынысы мен пікірін ортаға салған Салтанат Өмірзаққызы сөз соңында.

— «Ұстаз — жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын және еш нәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» деп данышпан ғұлама әл- Фараби бабамыздың барша ұстаздар қауымына ғасырлар бойы өшпейтін әділ бағасын бергені баршамызға белгілі. Осы қадір- қасиетімізді әрқашан биік ұстап, мәртебемізді төмен түсірмеуіміз керек. Тәуелсіз еліміздің абыройын жоғары ұстап, мерейін асқақтататын дарынды шәкірттер тәрбиелеу арқылы толағай табысқа жетіңіздер. Барлығы да өзіміздің қолымызда.

Халықаралық жарыстардың екі мыңнан астам жеңімпазын дайындаған елордадағы дарынды жасөспірімдерге арналған «БілімИнновация» лицей- интернатының математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гюль оқушыларды олимпиадаларға дайындау саласындағы бірегей тәжірибесімен бөлісті.

— Бәсекеге қабілетті азаматты тәрбиелеу мұғалімнің қолында. Оқушымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін біздің әрбіріміз бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Білімгердің бәсекеге қабіліттілігін дамытудың жолы — олимпиада. Сондықтан оқушылардың математикалық олимпиадасын қалай ұйымдастыру қажет деген сауалға жауап іздеген болатынмын. Нәтижесінде білім бәйгесін ұйымдастыру үшін ең алдымен «пән олимпиадасы» деген ұғымды толық мағынасында терең түсінгеніміз абзал, — деді ол. — Өйткені мектептерде пән олимпиадалары туралы шынайы пайым қалыптаспағандықтан, көбісі бұл сынақты бәйгені жылына бірнеше мәрте жарысқа қатысу ретінде қабылдайды. Бұл мүлдем дұрыс емес. Себебі олимпиада — үзіліссіз жүргізілетін қозғалыс, тоқтамайтын процесс. Олимпада дегеніміз — орын алудың жарысы емес, бәсекеге қабілеттілігін дамытудың ең ұтымды да тиімді жолы. Сондықтан оқушылар ғана емес, пән мұғалімдері де олимпиадамен жоғары қызығушылықпен және жүрек қалауымен ұдайы айналысуы тиіс. Олимпиада процесінің нәтижесін аз уақытта көру мүмкін емес. Неге десеңіз, олимпиадалық қозғалыс уақыт бойынша шексіз. Мектепте олимпиадалық процесс арқылы дамыған баланың кейінгі өмірінде де олимпиадалық шабыт пен дағды өмір сүру үрдісіне айналады. Қазіргі кезде бізде олимпиадалық дайындық жұмысына қажетті бағдарлама мен әдістемелік құрал және оқулықтың жоғы өкінішті, әрине. Бұл жұмыстармен тұрақты айналысатын педагогті мұғалім деп емес, тренер дегеніміз жөн. Білім бәсекесіне шыңдайтын сабақтарды олимпиадаға дайындықтың қосымша сабақтары деп емес, негізгі сабақтар ретінде қабылдауымыз қажет.

Съезд барысында орта мектепте математиканы оқыту мазмұны мен әдістемесі, атап айтқанда, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар және білім алушылардың білімін бағалау бойынша мәселелер көтерілді. Алқалы жүздесу қорытындысында білікті математик мұғалімдердің тұрақты диалогін қалыптастыру үшін математика пәні мұғалімдерінің республикалық қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.

Асхат Аймағамбетов республикалық деңгейдегі съездің жұмысын қорытындылаған сөзінде математика пәнін оқыту бойынша мектеп бағдарламасын өзгерту жұмыстары басталғанын айрықша атап айтты. Арнайы құрылған топ құрамында тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер мен жоғары мектеп өкілдері қамтылған. Арнайы түрде жаңартылған бағдарламаны келесі жылы мақұлдау жоспарланды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»