Құмар ойынға құмарлар ұсталды

Қарағанды облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған өңір тұрғыны ұсталды. Ол «Покер» карта түріндегі заңға қайшы ойынды ұйымдастырып отырған. Осылайша көл-көсір пайдаға кенелмек болыпты.

Астыртын құмар ойын Қарағанды қаласының қонақүй кешендерінің бірінде жұмыс істеген. Ойынды ұйымдастырушы құмар ойынға салынған қаржының кемі 3-4 процентін өз пайдасы ретінде алып отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «STOP-игра» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде тексеріс жүргізген.

– Тінту барысында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, ойын фишкалары және ойнауға арналған үстел табылып, барлығы тәркіленді. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды, – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.