Мамандарды дайындау маңызды қадам
Кәсіпорындар мен білім ордаларының әріптестігі – болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадам. Бұл жолы «Kazfitting» компаниясы мен Қарағанды тау-кен индустриалды колледжі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, студенттерге теория мен практиканы ұштастыратын жаңа мүмкіндіктер ұсынуда.
Қарағанды тау-кен индустриалды колледжінде жаңа мамандарды даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілмек, «Kazfitting» компаниясы мен колледж арасында жасалған келісім аясында студенттер зауытта тәжірибеден өтіп, заманауи өндіріс үдерістерімен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ арнайы жабдықталған аудитория іске қосылды.
– Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып бекітілді. Сондықтан да біз осы «Kazfitting» фирмасымен жұмысымызды жалғастырамыз деп ойлаймын. Ынтымақтастығымыз жалғаса береді, қазіргі таңда біздің 42 студент осы ЖШС-де жұмыс жасап жатыр. Адал табыс қағидасына бағынып, барлығымыз жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Қарағанды тау-кен индустриялды колледжінің директоры Нұрлан Әбденов.
Ал Сәкен есімді колледж студенті оқу ордасында үлкен мүмкіндіктер бар екенін және өзінің неліктен дәнекерлеу ісін таңдағанын айтты. Ол болашақта өзін осы салада көретінін және оқуды тоқтатпай әрмен қарай Жоғары оқу ордасына түсетінін айтуда.
– Бұл мамандыққа түсуімнің өзінің бір оқиғасы бар, ол кезде мен 9 сыныпта оқып жүрдім. Мамандық таңдап жүрген кезім еді. Солай ойланып жүріп, құрылыс алаңына келдім. Өтіп бара жатып, дәнекерлеушіні көріп қалдым. Сол кісінің жасап жатқан ісіне тәнті болып, дәнекерлеуші мамандығына тапсырып көрейін деп, бағымды сынадым. Осылайша осы мамандыққа түскен болатынмын, – дейді Тау-кен индустриялды колледжінің студенті Сәкен Дүйсембеков.
«Kazfitting» компаниясы Тау-кен индустриялды колледжімен 2024 жылдың маусым айынан бастап меморандумға отырды. Осы жылы олар колледж түлектерін алғаш рет қабылдады. Сонымен қатар компания тек студенттерге тәжірибе ұсынып қана қоймай, колледждің материалдық базасын нығайтуға да атсалысты. Осы серіктестік аясында жаңартылған аудитория іске қосылып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
– Біз бұл колледжбен 2024 жылдың маусым айында меморандумға отырдық. Кейін олар колледж түлектерін бізге жіберді. Шыны керек, олардың алған теориялық базасы мықты екен. Бұл біздің алғашқы ісіміз болса да, келген түлектерден мықты маман шығаруға тырыстық. Олардың да көздерінен мамандығына деген қызығушылық пен жалын байқалады. Біз барша Қарағанды облысы өзімізде мұнай-жабдықтарын өндіру зауыты бар екенін білсе екен дейміз. Нарықта жүргенімізге он жыл және жабдығымыздың барлығы Батысқа Қазмұнайгаздың барлық кәсіпорнына жіберіледі, – деп атап өтті «Kazfitting» компаниясының операциялық директоры Жансұлу Сәдуақасова.
Теория мен тәжірибені ұштастыру – сапалы білімнің негізі. «Kazfitting» пен Қарағанды тау-кен индустриалды колледжі арасындағы серіктестік жас мамандарды даярлаудағы маңызды қадам болмақ. Бұл бастама болашақта өз жемісін беріп, өндіріс саласына білікті мамандардың көптеп келуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»