Мал ұрлығы көбейді

Күз түсе жайлаудағы төрт түліктің еті толысып, нағыз дер шағына келеді. Бұл кез – шаруа мен полициядан маза қашатын сәт. Өйткені оңай олжаға кенелуді көздейтіндер өрістегі малды торитын болған. Ресми мәліметтің өзі аймақта мал ұрлығының күрт көбейгенін айтады.

Бұл – биыл ғана болып отырған кеп емес. Жылдағы әдеті осы. Сондықтан полицейлер ерте бастан қам қылып, аймақтағы республикалық және облыстық маңызға ие күрежолдардың бойына 18 жылжымалы блокбекет қойыпты. Мақсат – шаруаның малын ұрлап кеткен суық қолдыларды дер кезінде қолға түсіру, қылмыстың алдын алу.

Блокбекеттерде криминалдық полиция мен учаскелік инспекторлар тәулік бойы кезекшілікте болады. Олар әрлі-берлі ағылған көліктерді жаппай тоқтатып, жүксалғыштары мен құжаттарын тексереді. Заң бұзған жүргізушілерге жаза бар.

Мұндай алдын алу шараларының оң әсері барын да айта кеткен жөн. Мәселен, өткен аптада 6 бас жылқыны жайылымнан ұрлап бара жатқан қылмыскерлер ұсталып, қамауға алыныпты. Ал жалпы жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысты 47 дерек тіркелген екен. Оның 22-сі тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында ашылған. Сондай-ақ мал ұрлауды тұрақты кәсіпке айналдырып алған 2 қылмыстық топ қолға түсіпті. Қазіргі таңда ұрылардың 14 қылмысқа қатысы бары анықталып, іс сотқа жіберілген.

– Жыл сайын күздік, соғым уақыттарында ұрлық көбейеді. Жайылымнан ұстап жайратып жатқандар бар. Сондықтан күзетті күшейтіп жатырмыз. Барлық жол тәулік бойы бақылауға алынады, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Иә, әрине, ұрыны ұстау, қылмыстың жолын кесу – полицейлердің міндеті. Дей тұрғанмен шаруаға да бейқамдық танытуға болмайтынын ескерген жөн. Әсіресе жайылымдағы түліктер суық көздінің сұғына ілінбес үшін, мал бағынын ұйымдастырып, көзден таса қылмау қажет-ақ.

Асыл АЙБЕК,

«QH»