МАЙҚҰДЫҚТЫҢ ЖОЛЫНАН ШҰҢҚЫР ШЫҚТЫ

Майқұдықта құны 7,4 миллиард теңгеге түскен жол құрылысынан ақау шықты. Карл Маркс-Магнитогорск көшелері бойындағы жолды «BI-Group» холдингі құрамына кіретін астаналық «Казахдорстрой» компаниясы күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Бөлінген қаржының 4 миллиардқа жуығы 2020 жылы игерілді.

«Майқұдық ауданын көктей өтетін негізгі жол өтпесін салу кезінде мердігерлер сапасыз қиыршық тас пайдаланған» деп хабарлады Ұлттық жол активтері сапа орталығы РМК-ның Қарағанды облысы бойынша филиал директоры Айбол Бидайбеков.
Жолдың жалпы ұзындығы шамамен 11 км құрайды, оның 4,5 км өткен жылы жөнделді. Жол жөндеу кезінде 200 мың адам тұратын ауданда көлік кептелісі туып, жол белгілері мен жарықтандырудың болмауынан көлік апаттары артты.
Құрылыс биыл жалғасады. Жол құрылысы сапасын қадағалайтын мемлекеттік мекеме қала өміріндегі аса үлкен жобаны қадағалауында ұстап отыр. Мамандар төселген топырақ, асфальт-бетон және қиыршық тас үлгілерін зертханаға алып кетіп, құрамына зерттеу жүргізеді.
«Жолға төселген қиыршық тас аязға төзімді емес, бұл жолдың уақытынан ерте тозуына әкелуі мүмкін, шөгулер, шұңқырлар пайда болуы мүмкін. Біздің ұйғарымымызға сәйкес, мердігер бір апта ішінде қиыршық тасты жойып, материалдың бұл түрі сапалыға ауыстырылды. Майқұдық жолы бұл уақытқа дейін күрделі жөндеуден өткен емес. Күрделі жөндеуден кейін мұнда алты жолақ пайда болады. Жолдарды жөндеу сапалы және мерзімінде аяқталуы тиіс», — дейді Айбол Бидайбеков. Карл Маркс-Магнитогорск көшелеріндегі жолды жөндеудің бірінші кезеңі аяқталды. Қала әкімінің айтуынша, Майқұдықтағы асфальт орталықтағы жолдан екі есе мықты болады.
— Карл Маркс-Магнитогорская жолын жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықтым. Тұрғындар тарапынан бірқатар шағымдар бар. Автокөлік пен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы кезінде жарықтың болмауынан қолайсыздық туды. Құрметті қарағандылықтар, шыдамдылық танытуды сұраймын. Құрылыс қорытындыланғанда, жол көңілдеріңізден шығады. Барлық қиылыстарға жол белгілерін, уақытша жарықтандыруды орнатамыз және жол полициясының тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеміз, — деп жазды Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің Instagram парақшасында.
Жолды қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетонмен қаптап, жиектер, бағдаршамдар мен шамдар жаңартылады. «Акация» кафесінің жанына Т-тәрізді кең қиылыс жасалады. Сонымен қатар, мердігер қоғамдық көлік үшін бөлек жолақ, тротуарлар, қауіпсіздік бөліктері мен жаяу жүргіншілер өткелдерін жасайды.
Нөсер кәріздері қалпына келтіріледі. Асфальт-бетонның үш қабаты төселеді, сыртқы жарықтандыру ауыстырылады, жаяу жүргіншілер тротуарлары абаттандырылады. Заманауи аялдамалар пайда болады. Жөндеу сапасын техникалық және авторлық қадағалау мамандары қадағалап отыр. Қаладағы ең ұзын көшені күрделі жөндеу екі жылға созылады.
— Биыл жол жөндеу аяқталады, барлық қозғалыс толық қамтамасыз етіледі. Жобалау-сметалық құжаттаманы
әзірлеу кезінде барлық нюанстар ескерілмегендіктен, оларда қосымша жұмыс көлемі пайда болды. Жолдың
негізін нығайтуға кіріскен кезде жерасты суларының көп екендігі белгілі болды. Топырақты карьерден жеткізілетін ірі тасты толтыру қажет. Кейбір учаскелерде жерді орташа есеппен 60 сантиметр қазуға тура келді, бірақ, кейбір жерде ол екі метрге жетті. Жолдың астынан су шығып кетті. Су шыққан жерді таспен нығыздамаса жол төсемі істен шығады. Тереңдігі зертханамен және техникалық бақылаумен бірге анықталды. Сондықтан, кестеден сәл артта қалды. Сондай-ақ, жер астында өтетін байланыс желісін алып тастауда көптеген проблемалар бар, — дейді Айбол Бидайбеков.
Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, тұрғындар арасында жолға қатысты шағым көп.
— Әрбір нысанда материалдың сапасы мен жұмыстың орындалуын қадағалайтын техникалық қадағалау бар. Егер, шағым болса, онда мердігер ұйымдарға проблемаларды жою туралы бұйрық дереу жіберіледі. Олар барлық жұмыстарды толығымен аяқтағаннан кейін құрылыс қоқыстарын жинауға мәжбүр болады. Жаяу жүргіншілер өткелдері мен тротуарлардағы жиектің биіктігіне келетін болсақ, оны азайту керек. Жалпы, стандарттарға сәйкес, жолдан қорғайтын тастың биіктігі 10-15 сантиметрді құрайды, — дейді Рүстем Қожақапанов.
Ұлттық жол активтері сапа орталығы РМК жол төсемінің сапасына бес сатылы сапа бақылауын жүргізеді.

Ләззат ТАЙМЫРҚЫЗЫ,

«QN»