Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейткен үстел теннисі

Қарағанды қаласында түрлі спорт түрінен парасайыстар ұйымдастырылуда. Солардың бірі ретінде 4 және 5 сәуір аралығында тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында үстел теннисінен жыл сайынғы ХІІ республикалық турнирдің ашылуы өтті.

Мұрат Ыдырыс үстел теннисімен 6 жылдан бері айналысып келеді және бұл турнирге жыл сайын қатысады. Кейіпкеріміздің пікірінше, қарағандылық спортшылар үстел теннисі спортынан республика көлемінде ең алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне қарамастан байрақты бәсекеге келген үміткерлердің деңгейі өте жоғары. Мұрат Ыдырыс жастарға қандай сынақ келсе де сынбау керегін және сүйген ісімен тартынбай айналысу, жаңа жетістіктерге ұмтылу керегін айтады.

– Үстел теннисі маған ұнайды. Жылда қатысамыз. Халықаралық дәрежеде спорт шеберімін. Қатысушылардың деңгейі жоғары, мықты. Тәжірибе алмасамыз, танысамыз, дос табамыз. Жол оқиғасына ұшырап, 2000 жылы омыртқа жарақатымен арбаға таңылдым. Спорт адамды шыңдайды, бейімдейді, үйде отыра бермей, мұндай шараларға жиі қатысу керек, – дейді Мұрат Ыдырыс.

Үстел теннисінен жыл сайын өткізілетін республикалық паратурнирде Қазақстанның әр өңірінен 105 адам келіп бақ сынайды. Жарыс «Жастар» спорт кешенінде өтті. Турнирді ұйымдастырушылар – Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Пара үстел теннисі федерациясы. Республикалық чемпионатқа қатысушылардың жасы 14 жастан жоғары.

– Бүгінгі турнирге 11 облыс пен 3 қаладан 14 команда қатысып отыр. Келесі жылы өтетін ұлттық құрама командаға іріктеу өтеді. Осы шараға қатысушылардың бірінші үштігі сол жерге кіреді. Париж олимпиадасының лицензиясын алған спортшыларымыз да бар. Ең жас спортшы Атыраудан келіп отыр, – дейді Қарағанды облыстық мамандандырылған ерекше жандар спорт мектебі басшысының орынбасары Жанат Жұмабеков.

14 команда қатысқан дүбірлі додада спортшыларымыз намысты қолдан бермеді. ХІІ республикалық турнирдің қорытындысында 1-орынға қарағандылық команда лайық деп танылды. Оза шапқан жерлестеріміз 2 алтын, 5 күміс, 3 қола жеңіп алды. Екінші орынға Қостанай қаласының командасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қоламен тұрақтаса, үшінші орынды Атырау қаласының командасы 2 алтын, 2 қола медальмен қанағат тұтты.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»