Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке араласуы және оларды жұмыспен қамту
Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстанның әр азаматының еңбек етуге құқығы бар. Оның ішінде мүгедектер де. Кез келген топтағы мүгедектер еңбек ете алатыны бәріне мәлім, бірақ бірінші және екінші топтағыларға медициналық комиссиядан рұқсат алу керек. Жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең құқылы.
Қарағанды облысында мүгедектігі бар мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Осы мақсатта облыста мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының квотасы екі есеге ұлғайтылды. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолданылады. Мысалға, өз ісін ашу үшін 61 грант берілген.
– Бүгінде мүгедектігі бар 1 120 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шарасымен қамтамасыз етілді. Бос жұмыс орындарына 358 адам жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 15, қоғамдық жұмыстарға – 290 адам жолданды. «Күміс жас» жобасы бойынша 106 адам жұмыс тапты. Сондай-ақ, «Бірінші жұмыс орны» жобасы, Жастар тәжірибесі жобалары да көмектеседі, – деп есеп берді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте.
Басқарма мәліметіне сай, биыл 89 кәсіпорында бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер үшін 219 жұмыс орнына квота белгіленген. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мүгедектіктің үшінші тобындағы есту қабілеті бұзылған адамдар үшін 11 арнайы жұмыс орнын құрған. Қаламызда екі жұмыс орнына тағы бір өтінім қол қою сатысында.
Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жүргізіледі. Бизнес-жобаларды қорғағаннан кейін өз ісін ашуға грант алуға мүмкіндік бар.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова сәтті мысалдар келтірді.
Абай ауданының Ягодное ауылында тұратын бірінші топтағы мүгедек Виктор Колесников жұмыссыз отырған, ал қазір кәсіпкер. Өз жылыжайында өсірілген көкөністерді сатады.
Анатолий Мясников гранттық қаражатқа лазерлік станок пен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Интерьерге арналған панель жасайды.
Мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын адамдар үшін Террикон алқабында цифрлық кәсіптерді оқыту жобасы жалғасуда.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық шарасы туралы халыққа көбірек айтуды тапсырды.
– Бірқатар шара іске асуда өздеріңіз көргендей, жұмыс орындары квотасы ұлғайтылды, арнайы еңбек орындары құрылды, еңбекпен қамту шараларымен көмек көрсетілуде, осы жұмыстарды жалғастыру қажет. Арнайы жұмыс орындарын құруды және оларға мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру ұйымдастырылсын. Мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жандандырылсын. Жұмыссыз азаматтармен, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар арасында жұмыспен қамтуда жәрдемдесу шаралары туралы ақпараттық жұмысты тұрақты негізде жүргізсін, – деді ол.
Қарағанды облысында мүгедектігі бар 55 мыңға жуық адам тұрады, олардың жартысына жуығы еңбекке жарамды. Жұмысшылар – 11 мыңға жуық.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»